16:26, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Асыл мұра» мәдени жобасының 1-ші кезеңі аяқталды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстанда соңғы 7 жылдан бері жүзеге асырылып келген «Асыл мұра» атты гуманитарлық жобасының алғашқы кезеңі аяқталды. Бұл туралы бүгін Алматыда жоба аясында шығарылған 15-ші СD-альбомының таныстырылымында жобаның ұйымдастырушылары мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Асыл мұра» жобасы 2001 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан «Кока-кола» компаниясы мен «UMS» агенттігі» қоғамдық қорының гуманитарлық жобасы. Жобаның негізін салушы және продюсері, «Қазэнерджи» қоғамдық қорының президенті Есетжан Қосыбаев. Жобаның жалпы мақсаты- ҚР Орталық мемлекеттік кинофото құжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатында сақталған өнер майталмандарының дауыстарын қалпына келтіріп, сандық форматта, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Осы бағытта бұған дейін Ғарифолла Құрманғалиев, Күләш Байсейітова, Болат Сарыбаев, Жамал Омарова, Қали Жантілеуов, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Ришат және Мүсілім Абдуллиндер, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, Ахмет Жұбанов, Бақытжан Байқадамов сынды өнер саңлақтарының шығармашылығына арналған 15 СD-жинақ жарық көрген болатын.«Асыл мұра» отандық мәдениетті қолдаудың үлкен жобасы болды. Бұл жоба арқылы Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Жаппас Қаламбаев сынды т.б тұлғалар даусы тарих, мәдениет мұрағатынан шығып, жас ұрпаққа жол тартты», деді шараға қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед. Сондай-ақ ол жобаның сарапшылары Сайда Елемесова мен Балдырған Байқадамованың «Қазақстанның мәдениет қайраткері» атағына ұсынылғанын атап өтіп, жобаның 2-ші кезеңінің жүзеге асуына мемлекет тарапынан көмек болатынын айтты. Шараға қатысқан ТҮРКСОЙ-дың президенті Дүйсен Қасейінов те жобаның тоқтамауы тиіс екендігін айтып, ТҮРКСОЙ тарапынан қолдау болатынын жеткізді. Бұған дейін жобаға бас демеушілік танытып келген «Кока-кола» компаниясы өкілінің айтуынша, компания жобаны өзінің АҚШ-та орналасқан «Кока-кола» қоры арқылы қолдау жөнінде шешім қабылдапты. Ол сондай-ақ жоба аясында жарық көрген шығармаларға негізделген концерт өткізуді ұсынды.