Асыл тас, ішімдік, темекі: Шекарада бір тәулікте қолға түскен контрабанда
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қорғас» шекара бақылау жасағының қызметкерлері 76,5 кг бағалы тасты ел шекарасынан заңсыз алып өтпек болған 26 жастағы азаматты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шекара қызметіне сілтеме жасап.
«Кеше «Қорғас» шекара бөлімшесінің бақылаушылары Қазақстан аумағынан 76,5 келі бағалы тасты (кәріптас) тиісті құжатсыз алып өтпек болған 26 жастағы отандасымызды құрықтады. Контрабандаға қатысты тиісті хаттама толтырылып, «Алтынкөл» кеден постына тапсырылды» делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Бейнеу шекара жасағының «Тәжен» шекара бақылау бөлімшесінің шекарашылары ел шебі арқылы жалпы құны 35 мың теңгеге бағаланған 32 литр спирттік ішімдікті өткізуге талпынған шетелдіктің жолына тосқауыл қойды. Өзбекстанның 32 жастағы азаматынан тәркіленген контрабандалық тауарлар «Тәжен» кеден постына өткізілді.
Сол күні қордайлық шекарашылар да қырғыз азаматының жол сөмкесін шекаралық бақылаудан өткізу кезінде 6 000 қорап темекі өнімін тауып тәркіледі. Елімізге бағыт алып шыққан айыр қалпақты азамат өткізуге талпынған темекі өнімдерінің акциздік маркасы мен тиісті құжаттары болмаған.
Контрабандаға тиісті акт жасалып, Қордай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлеріне тапсырылды.