Асыл тұқымды мал әкелумен қатар еліміздегі малдың генетикалық әлеуетін арттыру жұмыстары да қатар жүргізіледі -«ҚазАгро» холдингі

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Асыл тұқымды мал басын сырттан әкелумен қатар еліміздегі малдың генетикалық әлеуетін арттыру жұмыстары да қатар жүргізіледі. Бүгін «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі» АҚ басшысы Асылжан Мамытбеков селекторлық режимдегі Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында осылай айтты.

Асыл тұқымды мал әкелумен қатар еліміздегі малдың генетикалық әлеуетін арттыру жұмыстары да қатар жүргізіледі -«ҚазАгро» холдингі

«Атап айтқанда, біз тек шетелден импорттаумен шектелмейміз. Біз өзімізде қазіргі кезде бар асыл тұқымды мал басының генетикалық әлеуетін арттыру жұмыстарымен де айналысамыз»,-деді ол.

А. Мамытбеков осы орайда ет нарығындағы басқа ойыншылармен бәсекелестікті арттыру тұрғысында асыл тұқымды мал басының санын арттыру айрықша басымдықтардың қатарында тұрғанын атап өтті.

«Қазіргі кезде ауылшаруашылығында ет саласының үлесін арттыру бойынша конкурстық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда мал шаруашылығы мен етті өндірістік өңдеу жұмыстарына басымдық беріліп отыр.Осының негізінде маңызды элементтердің бір - асыл тұқымды мал басын арттыру. Себебі қазіргі кездегі мал басымен шектелсек, бұл саладағы тиімділік деңгейі төмен болмақ»,-деді «ҚазАгро» басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, биыл сүтті және етті 5 мың бас асыл тұқымды малды импорттау жоспарланып отыр.