Ат спорты: Астанада үш бірдей FEI турнирі қатар өтеді

Астана. KAZINFORM — 29-31 мамыр аралығында Астанада алғаш рет Fédération Équestre Internationale (FEI) ұйымының үш халықаралық турнирі бір мезетте өткізілмек. Елордада FEI әлем кубогының кезеңі, FEI World Cup Challenge финалы және CDI1*/CDI3* халықаралық сайысы қатар ұйымдастырылады.

Ат спорты федерациясы
Фото: Ат спорты федерациясы

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы додаға Бразилия, Колумбия, Үндістан, Марокко, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка, Мысыр, Эквадор, Ресей, Өзбекстан және өзге де елдердің шабандоздары қатысады.

Жарыс бағдарламасына халықаралық деңгейдегі конкур мен атпен мәнерлеп жүру сайыстары енген. Турнирдің шарықтау шегі – 160 см биіктікке дейін жететін конкурдан Әлем кубогының Гран-при бәсекесі.

Ат спорты федерациясы
Фото: Ат спорты федерациясы

 

Аталған жарыстар FEI-дің 2026 жылы Ахенде өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңдерінің бірі саналады. Ең бастысы, қазақстандық спортшылар халықаралық рейтинг ұпайын енді шетелге шықпай-ақ, елде жинай алады.

— Сайысқа дайындық жоғары деңгейде. Сәйгүліктің жем-шөбі мен дәрі-дәрмегін бақылаймыз, күнделікті режимді қадағалаймыз, — дейді конкурдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының чемпионы Нұрила Тұрысбекова.

Астанада бірден үш FEI турнирінің өтуі Қазақстанның әлемдік ат спорты кеңістігіндегі орнын нығайта түсетін маңызды қадам ретінде бағалануда.

Айта кетейік, бұған дейін елордада Құрбан айт мерекесі және ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай республикалық бәйге ұйымдастырылатынын жазған едік.