Ат спорты ойындарының жеңімпаздары ЭКСПО-ға жолдама алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскеменде ұлттық ат спорты ойындарынан облыстық чемпионат өтіп, жүлдегерлер анықталды. Олар Астана қаласындағы «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне жолдама алды.

Ат спорты ойындарының жеңімпаздары ЭКСПО-ға жолдама алды

Жарыс қорытындысы бойынша, Ұлан ауданы жеңіске жетсе, екінші орынды - Көкпекті, үшінші орынды тарбағатайлық командалар еншіледі.

Жеңімпаз командалар мен спортшылар 22-23 шілде күндері Астана қаласында өтетін Шығыс Қазақстанның мәдениет күндері аясында ұлттық спорт түрлерінен өз шеберліктерін көрсетіп, шығыстың намысын қорғайтын болады.

Айта кетсек, «ЕХРО-2017» көрмесіне көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату сынды ұлттық ойындарымен көпшілікті таң-тамаша етуге ШҚО-дан 60-қа жуық адамнан құралған делегация аттанады. 

Еске сала кетейік, аталмыш додаға Тарбағатай, Абай, Ұлан, Көкпекті аудандарынан келген командалар мен Өскемен қаласының спортшылары қатысты. Облыс орталығында бас қосқан епті де жігерлі жастар бес командаға бөлініп,  көпшілікті тартысты ойындарымен тәнті етті.