Ат үстінен садақ атушыларға әлемдік жарыстарға жол ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ат үстінен садақ ату бойынша қазақстандық спортшылар әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысатын болады. Тиісті меморандумға бүгін Астанада қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екіжақты меморандумға «ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Бекболат Тілеухан мен Халықаралық ат үстінен садақ ату альянсының Оңтүстік Кореядан келген өкілі Ким Юнг Суп қол қойды. Онда «ат үстінен садақ ату спортын дамыту жəне насихаттау жолында өзара ортақ түсінік және құрмет негізінде жан-жақты қатынастарды құруға, дамытуға және қолдауға ынта танытылады» делінген.
«Бұл ұйыммен ынтымақтасу арқылы біздің спортшыларымыз Халықаралық ат үстінен садақ ату альянсының атынан əлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарға шақырту алатын болады. Жəне ол бізге халықаралық жарыстарда тәжірибе жинауымызға мол септігін тигізетініне сенімдімін», - деді ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Б.Тілеухан.
Өз кезегінде Халықаралық альянстың өкілі Ким Юнг Суп: «2004 жылы Оңтүстік Кореядан бастау алған ат үстінен садақ ату спортының халықаралық аясы кеңейіп Қазақстанда да өтіп жатқанына қуаныштымын. Ендігі кезекте Халықаралық ат үстінен садақ ату альянсы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі аталған спорт түрін мәдени мұра ретінде жаңғыртуға және танытуға бірге күш салатынымызға үміттенемін», - деді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ертең Астанада «Алтын жебе» екінші халықаралық садақшылар турнирі басталады.