Ата-ана бала денсаулығына жауапты қарауы керек - Біртанов Түркияда қалған сәби туралы

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Түркияда мерзімінен бұрын туған сәби оқиғасы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
None
None

Еске сала кетсек, алматылық Дарья Васильева нәрестесін Түркияда уақытынан бұрын дүниеге әкелген. Салмағы 750 грамм болып туған қыз баланы өзі босанған клиникаға берешегі үшін қалдырған. Сәбиін тастап, қайтып келген ата-ана ұшақ рейсінің таяп, оның үстіне ақшасыз қалғанын айтып ақталады. 25 шілде күні олардың қарызы 15 мың АҚШ долларына жеткен. 

Министр сәбиді елге жеткізетін борттың дайын екенін, қазір әкімшілік мәселелер шешіліп жатқанын хабарлады. 

«Бүгін түні бойы Сыртқы істер министрлігіндегі әріптестерімізбен бірге Түркияда мерзімінен бұрын туған нәрестені елге жеткізу мәселесімен айналыстық. Мұнда бітпейтін техникалық, құқықтық, қаржылық проблемалардың бар екені белгілі. Осының барлығын шештік, борт дайын, баланы жақын арада елге жеткіземіз. Бірақ, ересек адамдардың жүктіліктің жетінші айында медициналық сақтандырусыз өзге елге баруын қалай түсінуге болады? Салдарынан келген барлық шығын мен ауыртпалықты мемлекет, мына отырған сіз бен біз көтереміз. Өзге ата-аналар еш медициналық түсіндірусіз екпеден бас тартып жатыр. Соның салдарынан елімізде жұқпалы аурулар көрсеткіші ұлғайды. Қызылша көбейді. Бұл үшін ата-аналар жауап беруі керек», - деді министр Астанада «Халық денсаулығы жəне денсаулық сақтау жүйесі» туралы жаңа кодекс жобасын талқылау кезінде. 

Айта кетейік, Астанада «Халық денсаулығы жəне денсаулық сақтау жүйесі» туралы жаңа кодекс жобасы талқыланып жатыр. Жаңа құжатта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бала денсаулығындағы ата-ананың жауапкершілігін арттыруды, жүктілік пен босануда дәрігерге кеш жүгінген, мамандар кеңесіне құлақ аспаған аналарды, скринингтен, вакцинациядан бас тартқандарды әкімшілік жауапкершілікке тартуды ұсынып отыр. 

 

 


Соңғы жаңалықтар