Ата-аналар арасында мектепте ақша жинауға қатысты сауалнама жүргізіледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Әбелдиновтен мектептерде ақша жинау ісін жою үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құқықтық әдеп ережелерінде білім беру процесіне қатысушыларға қатысты қаржы талап ету деректерін болдырмау және әріптестер тарапынан мұндай істі тоқтату бойынша мұғалімдер міндеті қарастырылған. Департамент бұл бағытта қандай іс атқарып жатыр?», - деп сұрады Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Елена Степаненко.

Е. Әбелдинов аталған мәселелер департамент қызметкерлері арасында үнемі талқыға салынып, білім ұйымдары басшыларымен өтетін кеңестерде ұдайы көтерілетінін жеткізді. Оның айтуынша, мектепте ақша жинауға қатысты шағымдар түспеген.

«Оқу жылының басында орта мектептердің бірінде ата-аналар сыныптың, мектептің қорына ай сайын ақша жинап, ерікті түрде демеушілік көмек көрсету жөнінде келісім жасады. Мектептер бұл істі қаржыландыруға мұқтаж болғандықтан және ақша бөлінбейтін кейбір іс-шараларды өткізу үшін қажет деп ақталады.  Мұндай істі тоқтату үшін қандай да бір әрекеттер жасала ма?», - деп сұрады Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі, отставкадағы судья, заң ғылымдарының кандидаты Инесса Қуанова.

Е. Әбелдинов білім жүйесінде демеушілік көмек ерікті түрде жасалатынын айтты. Егер ата-аналар қаржылай жәрдем көрсеткілері келмесе немесе шамалары жетпесе, көмектесуге міндетті емес. Департамент басшысы жоғарыда аталған келісімге қатысты нақты пікір білдіре алмады. Ата-аналар оған қол қоймауға және ведомствоға шағымдануға құқылы екенін айтты.

Әдеп жөніндегі кеңес аталмыш мәселелер төңірегінде ата-аналар арасында тәуелсіз әлеуметтік тексеріс жүргізуді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар