Ата-ана бала тәрбиесіне көп көңіл бөлуі үшін жұмыс берушілерге талап қойылады
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Елордада балалар мен жастар тәрбиесіне арналған халықаралық конференцияда айтылды.

Жиын барысында ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен Мәдениет және ақпарат министрі, аталған комиссияның төрағасы Аида Балаеваның форум қатысушыларына арналған құттықтау хатын оқып берді.

— Бүгінгі жиынға қоғамдағы өзекті мәселелерге бей-жай қарамайтын ең белсенді азаматтар жиналып отыр. Елімізде бүгінде 18 жасқа дейін — 6 миллион 800 мыңнан астам бала бар. Сондықтан ата-аналар қауымдастығы — елімізде үлкен күшке ие аудитория. Ал осы үлкен қауымдастықтың мәселесін көтеріп, көкейтесті сұрақтарын жеткізудегі сіздердің үлестеріңіз орасан зор. Осы конференцияға еліміздің әрбір өңірінен арнайы келіп отырған барлығыңыз да — қоғамдағы мәселеге немқұрайлы қарамайтын, ең белсенді азаматсыздар! Ұрпақ тәрбиесі баршамыз үшін маңызды. Бұл бағыттағы мақсатымыз да, мүддеміз де бір. Отбасы ұғымы — біздің халқымыз үшін ежелден қастерлі түсінік. Бұл құндылықтың маңызы қазір де азайған жоқ. Мықты мемлекет болу үшін — қоғамда қуатты отбасы көп болуы керек, — деді А. Балаева.

Сонымен қатар, министр сөзінде отбасы құндылығы, балалар мен жастар тәрбиесі тақырыбы Мемлекет басшысының үнемі назарында екенін атап өтті.
— Президентіміз өз сөздерінде мемлекет пен ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі ортақ жауапкершілігін, саналы ата-ана болудың маңыздылығын атап өткен болатын. Бұл орайда, үлгілі отбасы, ұрпақ тәрбиесі мәселесінде бізге сырттан тәжірибе іздеудің қажеті жоқ. Барымызды бағалап, қажет дүниені алып, оны тәрбие ісіне дұрыс қолдана білу — басты міндет. Әрине бүгінгі жаһандану жағдайында өткеннің сабағын да, жаңа заманның талабын да ұмытпай бірге үйрету маңызды. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен сарапшылар, ата-аналар құнды пікірлер айтып, тағлымды тәжірибе, озық ойлармен өзара бөлісу жұмысы өңірлерде де жүргізіліп жатыр, — деді аталған комиссияның төрағасы.
Оның айтуынша, бала тәрбиесі саласында мемлекет, қоғам және отбасының бірлескен күш-жігері арқылы ғана еңсеруге болатын күрделі міндеттер тұр.
— Мамандардың пайымынша, балалардың мінез-құлқында ауытқу болуының бір себебі ата-ананың көңіл бөлмеуінен орын алады. Бұл ретте ата-аналар жұмысынан қолы босамай жүреді немесе балалармен дұрыс тіл табыса алмайды. «Қазақстандық отбасылар — 2024» ұлттық баяндамасына сәйкес, респонденттердің 59,2 пайызы жұмысбастылық пен қарбалас жұмыс кестесіне байланысты бала тәрбиелеуге уақыт тапшылығы мәселесін өзекті деп санаған. Жұмыс берушілер еңбек заңнамасын бұзып, артық жұмыс істетуге жол береді. Бұл жағдай ата-анаға бала тәрбиесіндегі өз міндеттерін тиісті деңгейде орындауға мүмкіндік бермейді, — деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, ата-аналардың тәрбиелік мүмкіндіктерін кеңейту аясында, оларға тиісті жағдай жасау бағытында жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту қажет. Бұл тұрғыда өз қызметкерлеріне корпоративтік қамқорлық көрсететін жұмыс берушілерді ынталандыру керек.
— 2025 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының қорымен (ЮНФПА) бірлесіп, бұл салада тиісті жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Осы орайда компанияларда отбасы мен ата-ана болуды қолдайтын орта құру ескерілген, — деді Аида Балаева.
Еске салсақ, бұған дейін Жоғарғы Сот баласын оқуға жібермеген ата-анаға қатысты істі қарады.