Ата-аналар мектепте баласының қандай тамақ ішкенін біліп отырады
Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин баспасөз мәслихатында мәлім етті. Оның айтуынша, қолма-қол ақшасыз төлем асханалардағы ұзын-сонар кезекке қатысты мәселені шешеді.
Пилоттық жоба осыдан бірнеше апта бұрын қаладағы № 27, 54, 59 мектепте енгізілген. Аталмыш жобаны басқа мектептерге енгізу мәселесі екінші тоқсанда шешіледі.
«Біз бұл тәсілді LRT карталары арқылы жүзеге асырып жатырмыз. Astra Plat карталарындағы бірлікті ата-аналар терминал немесе онлайн жүйе арқылы толтырады. Міне, осылайша, ата-аналар балаларының қанша ақшаны қайда жұмсап отырғанын бақылай алады. Картадан бірлік жұмсалған кезде ата-аналарға хабарлама келеді. Бұл ата-аналар мен оқушылар үшін де, мектеп үшін де аса ыңғайлы», - дейді басқарма басшысы.
Білім басқармасынан мәліметінше, жаңа оқу жылынан бастап елордадағы 85 мектепте тамақтандыру желісі іске қосылған. Тегін ыстық тамақ 5-11 сынып аралығындағы 76 мың оқушы мен 1,2 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларына берілуде. Бір рет берілетін тағамның бағасы 338 теңге. Демеушілердің есебінен 620 балаға тегін тамақ беріліп келеді.