Ата-анам өзгелерге қамқор болуға тәрбиеледі – павлодарлық волонтер
Павлодарлық Айгүл Омарованың еріктілер қозғалысындағы еңбегі ерен. Неміс тілінің маманы әуел баста шетел тілін тегін үйрету курстарын ұйымдастыруға қатысса, уақыт өте жергілікті балалар үйлерінде «Тәлімгер» атты жобаны сәтті жүргізе білді, деп хабарлайды Kazinform.
Айгүл Сейполлақызы бүгінде Қазақстандағы Қызыл жарты ай қозғалысының белсенді мүшесі. Былтыр қараша айының соңында Екібастұз қаласында төтенше жағдай болғанда елдің алды болып кеншілер қаласының жұртшылығына көмек көрсетті. Қақаған аяздың қыспағында қалған адамдарға жан-жақтан ағылған еріктілер көмекке барып, жалғызбасты қариялар мен көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемдесті. Күні-түні көшеде жанталасып құбыр жамап жүрген жұмыскерлерге ыстық тамақ пен шай апарып, олардың тоңып қалмауын қадағалады.
«Кеншілер шаһарындағы халықты тезірек қолайлы өмірге оралту үшін апат салдарымен тәулік бойы жанталасқан жөндеу бригадаларының жұмыскерлерін де назарымыздан тыс қалдырмадық. Оларға мезгіл сайын ыстық тамақ пен шай тасыдық. Көптеген пәтерлерді аралап, халыққа жылы көрпелер, жылытқыштар, азық-түлік, ауызсу тасыдық. Есімде қалған бір оқиға, 12 қабатты үйдің ең жоғарғы қабатында 5 баласы бар көпбалалы отбасы тұрды. Апаттан жылу түгілі, электр жарығы да сөнген, құбырлардағы су қатып қалған. Лифті жұмыс істемейді. Әлгі пәтерге мұз басқан баспалдақпен жаяу көтеріліп, үнемі керек-жарақтарын апарып жәрдемдестік. Үй ішінде қалың киініп, ойнауға мұршасы жоқ, жаурап отырған кішкентай балаларды көріп, жүрегіміз ауырды. Көпшілік біздің еңбегімізді бағалап, ризашылық білдіргенде өз ісімізге деген ынтамыз артады. Үлкен әжелер бізді көрсе, „айналайын“ деп алғыс айтады. Бұл біздің, еріктілердің, дұрыс бағытта жұмыс істегенімізді көрсетсе керек. Қаладағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі толық алынбағанша Екібастұздан кеткен жоқпыз», — дейді волонтер.

Айгүл Омарова — отбасындағы 7 баланың кенжесі. Ерікті қазіргі уақытта өзге қозғалыс мүшелерімен бірге колледждер мен мектептерде шеберлік сабақтарын өткізеді. Онда жасөспірімдер мен бозбала, бойжеткендерге қиын жағдайда қалған адамға алғашқы бетте қандай көмек көрсету керектігі, жасанды тыныс алдыру, жараны, сынықты таңу әдістері үйретіледі.
«Кішкене шағымнан әке-шешем өзгелерге қамқор болуды, қолдан келген жақсылықты аямауды үйретті. Қоғамға пайдам тисе, сол қуаныш», — деген пікірде мереке иесі.
Айта кетсек, бүгінде Павлодар облысындағы еріктілер қозғалысының 22 мыңнан астам мүшесі бар. Бұл бағытта 22 ұйым тұрақты жұмыс істеп тұр. Аймақтық волонтерлік фронт-офистің жетекшісі Еркебұлан Күнтуғанның айтуынша, еріктілер әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету, жоғалып кеткен азаматтарды іздестіру, Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткендер жайлы мәліметтерді анықтау, қатерлі дертке шалдыққандарды қолдау тұрғысында тынбай еңбек етеді.