Ата-апам қазақтың қонақжайлығын үнемі айтып отыратын – Өскеменде тұратын неміс қызы
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қазақ жерін мекен еткен талай ұлт пен ұлыс береке-бірлікте ғұмыр кешуде. Мәдениеті, салт-дәстүрі, діні мен ділі басқандай болса да бір шаңырақтың астына топтасты. Аштықта жарты құртты жарып жеді, бүтін құртты бөліп жеді. Осының ішінде неміс халқы да қазақ қонақжайлығын айтып, ризашылықтарын білдіріп жатады.
Өскеменде тұратын Ирина Гертфельдердің арғы ата-апасы елімізге 1930 жылдары қоныс аударған екен. 21 жастағы қыз қазір полицей болып жұмыс істейді. 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай ҚазАқпарат тілшісі онымен жолығып, сұхбат құрып қайтқан болатын.
- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ...
- 2002 жылы 24 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Қалбатау ауылында дүниеге келдім. Сол жақтағы орта мектепте білім алдым. 2007 жылы 9-сыныпты тәмәмдағаннан кейін Өскемендегі Қазақстан-Америкалық еркін университетінің жоғары колледжіне оқуға түстім. Таңдаған мамандығым – заңгер. Колледжден соң осы университетте оқуымды ары қарай жалғастырдым.

- Ата-бабаңыз Қазақстанға қашан қоныс аударған ?
- Тегімнен байқаған боларсыз, менің ұлтым неміс. Ата-апамның әке-шешесі Қазақстанға 1930 жылдары қоныс аударған. Мұнда оларды қазақ халқы өте жақсы қарсы алды. Қиын-қыстау заманда барынша көмектесіп, қолдау танытқан. Олар қазақтың қонақжайлығын, өзгеге көмектесуге деген шынайы ниетін көріп, осында біржола қалуды ұйғарған.

- Құқық қорғау органына қалай келдіңіз? Бұл саланы таңдауыңызға не түрткі болды ?
- Әкем де, шешем де әскери адам. Әкем ұзақ уақыт Қазақстанның оңтүстігінде ұшқыштар құрамында болса, анам Шығыс Қазақстанда құрлықта, әуеде, кейін жөндеу-қалпына келтіру әскері қатарында қызмет атқарды. Әскери отбасында тәрбиеленгендіктен бала күннен әке-шешеме ұқсағым келді. Бірақ өмірімді құқық қорғау органымен байланыстырамын деп ойламадым. Мамандық таңдау туралы сұрақ туындағанда заңгер боламын деп шештім.
Жоғарыда айтқанымдай, мектепті тәмамдағаннан кейін колледжге түстім. Онда оқып жүргенде Өскемен қалалық ПБ Ертіс полиция бөлімшесінің тергеу бөлімінде бір емес бірнеше рет тағылымдамадан өттім. Жұмыс барысы өзіме ұнады. Сөйтіп, осы салада тер төгуге бел байладым.

2020 жылы колледжді бітірген соң университетке қашықтан оқуға құжат тапсырдым да қалалық полиция басқармасына жұмысқа орналасу үшін өтініш бердім. Барлық сынақтан, медициналық комиссиядан өтіп, дене шынықтыру бойынша тиісті нормативтерді тапсырып, сол жылдың қыркүйегінде жедел криминалистика бөліміне жұмысқа қабылдандым. Содан кейін Павлодардағы қылмыстық атқару жүйесі академиясына оқуға барып келдім. 2020 жылдың желтоқсан айында маған полиция кіші сержанты шені берілді. Жұмысым – күрделі криминалистикалық хаттамаларды тіркеу, күдіктілердің, айыпталушылардың, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың, профилактикалық есепке қойылған адамдардың саусақ іздерін алу және тіркеу.
- Жақсы полицей қандай болуы керек ?
- Құқық қорғау органында қызмет ету үшін бірінші ұстамдылық, табандылық керек деп ойлаймын. Себебі түрлі адам, сан алуан жағдай болады. Жақсы жұмыс істеу үшін салқынқандылық танытып, жылдам шешім қабылдай білуің керек. Ал эмоцияға ерік берсең қателік жасауың әбден мүмкін. Бұл сала қатаң тәртіп пен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан екінің бірі полицей атана алмайды.
- Әйел адамға полицияда жұмыс істеу қиын емес пе ?
- Ең бірінші ниетке байланысты. Өзіңе бұл сала ұнаса қиындықтары жеңіл болып көрінеді.
- 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде жерлестеріңізге қандай тілек айтасыз ?
- Мен үшін бұл жарқын және мейірімге толы мереке. Қазақстанда 130-дан астам түрлі ұлт өкілі тұрады. Осы мереке елімізді мекен еткен ұлттардың салт-дәстүрлерімен және мәдениетімен таныстырып қана қоймайды, халықты біріктіре түседі. Соның арқасында қазақстандықтардың барлығы татулық пен келісімде өмір сүріп жатыр. Өз тарихымызды білу, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды құрметтеу өте маңызды. Бірлік күнінде тек ынтымақтың арқасында жоғары нәтижелерге жетуге, қуатты заманауи мемлекет құруға болатынын түсінеміз. Мереке құтты болсын!
- Әңгімеңізге көп рахмет!
