Ата дәстүрді ардақтаған қандасымыз Айнагүл Айыпқанқызы - шетелдегі қазақ баспасөзі

Айнагүл
Фото: janadauir.com

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қандасымыз Бағдар Оразалыұлы бас жүлдені жеңіп алды – «Harajorga»

марафон
Фото: «Harajorga»

2024 жылғы Дунпо жартылай марафон және «Сычуанды айналу» желілес марафонының Дунподағы жарысы 30 наурыз күні түстен бұрын Қытайдың Сычуан өлкесі, Мишан қаласында өтті, деп хабарлайды «Harajorga».

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, аталған жартылай марафонға Шыңжаңның Тоғызтарау ауданынан келген спортшы қандасымыз Бағдар Оразалыұлы қатысқан. Б. Оразалыұлы 1 сағат 6 минут 8 секундтық нәтижемен ерлер арасында өткен жартылай марафонда бас жүлдені жеңіп алған.

Ата дәстүрді ардақтаған – Айнагүл Айыпқанқызы - Janadauir.com

Айнагүл
Фото: janadauir.com

Осы аптада моңғолиядағы «Жаңа дәуір» сайты «Кәсібім-несібем» айдары бойынша кезекті санын Моңғолия сауда палатасының жанындағы «Кәсіпкер әйелдер ұйымының» төрайымы, «Памукале» ресторанының директоры Айнагүл Айыпқанқызына арнаған. Оның кәсіппен айналысқанына яғни «Памукале» компаниясын орнатқаннан бері 20 жыл уақыт болған екен. Қандасымыз алғаш мейрамхана ашып кәсіпкерлікті бастаған кезде біршама қиындықтар кездескенін айтады.

«Жаңа дәуір» сайтының дерегінше, ол тек кәсіппен ғана айналысып қоймай, қоғамдық әлеуметтік жұмыстарға белсене араласып, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуде өзіндік үлес қосып жүрген қарагөздеріміздің бірі. Айнагүл мен жары Абдуллуһ үш жыл қатарынан өз меншіктеріндегі «Паккале» демалыс орнында «Көшпенділер фестивалін» ұйымдастырған. Бұл фестивальге кететін бүкіл қаржыны кәсіпкерлер өз мойнына алған. Бұдан тыс жұмыссыз аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да барынша қолдаулар көрсетіп келеді екен.

Ол ұйымдастырған фестивалге халық өте белсенді қатысқан. Бүркітшілер сайысына 40-тан астам бүркітші қатысқан. Кәсіпкер тек жүлдегерлерді ғана марапаттамай, барлық бүркітшілерге ақшалай сыйлықтар ұсынған. Сондай-ақ, 40-тан астам кестешілер қатысқан байқауда бүгінгі кейіпкеріміздің өзі Амангүл бірінші орынды еншілеген екен.

Айта кетейік, Айнагүл Айыпқанқызы демеуші болған бұл фестивалде «Асық ату», «Құс қағудан», «Ат үстінде садақ ату», «Жамбы ату» ойыны, сонымен қатар қазақтың ұлттық ойыны «Қыз қуу» қатарлы әртүрлі ұлттық ойындар ойнатылған.

Қазақстандық студенттер қазақ мәдениетін таныстырды - TRT

Түркияның Карабүк университетінде қазақстандық студенттердің ұйымдастыруымен «Қазақстан студенттерінің іс-шарасы» өтті. Шара барысында қазақстандық студенттер Қазақстанды жан-жақты таныстырды.

Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

студенттер
Фото: trt.net.tr

Іс-шараға Карабүк университеті проректоры Исмаил Ракип Караш, университет Бас хатшысы Лүтфю Ком, ректордың кеңесшісі Нихат Йылмаз, академиктер мен студенттер қатысқан.

Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, бағдарламаға қатысқанына қуанышты екендерін білдірген проректор Караш Қазақстанның Түркия Республикасы мен Карабүк университеті үшін орны ерекше екенін айтты.

«Университетімізде болуыңыз өте маңызды. Қазіргі уақытта біздің қазақстандық студенттер саны 600-ден асты. Шетелдік студенттер арасында төртінші орында тұр. Бұл - біз үшін мақтаныш», - дейді Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи бірлікке тоқталған Караш.

Қазақстандық студенттер шара барысында Қазақстанды жан-жақты таныстырды. Сонымен қатар домбыраның сүйемелдеуімен ән шырқап, өлең оқыған.

Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Қожа Ахмет Ясауиді еске алды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. 

іс-шара
Фото: trt.net.tr

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Түрік-Қазақ университетінде «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияға Қазақстанның 13 облысынан 140 мұғалім қатысты.

Сонымен қатар Иран, Өзбекстан, Қырғызстан және Ауғанстан елдерінен Ясауи мұрасын зерттейтін белгілі ғалымдар келген.

Университеттің проректоры профессор доктор Пеями Батталдың айтуынша, Ахмет Ясауидің ілімі мен философиясын насихаттау және дамыту үшін университетте қазірдің өзінде арнайы институт құрылған. Қазіргі уақытта Түркияның әртүрлі ЖОО-да осы институттың филиалдарын ашуға тырысып жатыр екен.

Қазақтың дәстүрлі тағамдары, қолөнер мәдениеті, ұлттық өнімдер келушілерді таңғалдырды – «Халық газеті»

қолөнер мәдениеті
Фото: kaz.people.cn

Бейжіңде 28-30 наурыз күндері «2024 Қытайдағы Қазақстан туризм жылының» ашылуына байланысты бірқатар іс-шаралар өтті. Атап айтар болсақ, 28-наурызда қазақ мәдениетін және Қазақстанның әр өңірінің өзіндік ерекшелігін айқындайтын түрлі көрмелер ұйымдастырылды. Ұлттық үлгідегі киім, қазақтың дәстүрлі тағамдары, қоленер мәдениеті, ұлттық өнімдер келушілерді таңғалдырумен болды, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».

Аталған басылымның дерегінше, 29 наурыз күні кеште өткен «2024 Қытайдағы Қазақстан туризм жылының» ашылу салтанатында Қазақстанның Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен Ұлытау тобы сияқты танымал қазақстандық өнер майталмандары бірлесіп өнерлерін ұсынған. Концертте Қытай мен Қазақстанның халық әндері, қазақтың халық билері, музыкасы, хоры және т.б. орындалды. Бағдарламалар Қытай мен Қазақстанның ұлттық музыкасының ерекшеліктерін біріктіріп, екі елдің мәдени алмасуын әр қырынан көрсеткен.

Иран мен Қазақстан денсаулық сақтау саласында ынтымақтастық комитетін құрды - Parstoday

Иранның Денсаулық сақтау министрі Қазақстанмен арада денсаулық сақтау деңгейін жоғарылату үшін ынтымақтастық комитеті құрылғанын хабарлады.

Бұл туралы Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі де хабарлады.

ынтымақтастық
Фото: Parstoday

Ирандық БАҚ-тың келтірген мәліметінше, Бахрам Ейнуллахи Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Денсаулық сақтау министрлерінің отырысы аясында Ираннан Қазақстанға дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар экспорттау көлемінің артқанына тоқталған.

Қазақстандық студенттер Өзбекстанда тәжірибе алмасады - «ӨзА»

Астана қаласындағы «Maqsut Narikbayev University» (MNU) студенттері тарих пәнінен білімдерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған «Жібек жолының соқпақтары» жобасы негізінде Өзбекстанға экскурсияға келді.

Бұл туралы осы аптада өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.

тәжірибе алмасады
Фото: Uza.uz

Аталған БАҚ-тың дерегінше, жобаның мақсаты – тәжірибе алмасу, студенттердің университетте алған теориялық білімдерін көне қалаларға экскурсия ұйымдастыру арқылы біліктілігін арттыру.

Қазақстан жастарының Өзбекстанға сапары Ташкент мемлекеттік заң университетінен басталған.

«Студенттер Ташкент пен Самарқандтағы тарихи орындарды да тамашалайды. Олар өзбек пен қазақ халықтарының тарихынан сыр шертетін көне ғимараттарда ата-баба мұрасымен танысады. MNU мен ТДУУ арасындағы келісім-шартқа сәйкес қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады және биылғы жылы алғашқы түлектер диплом алады», деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Жыл басынан бері Өзбекстанға қанша электромобиль әкелгені белгілі болды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

көлік
Фото: uza.uz

Аталған басылымның келтірген мәлімене сүйенсек, Өзбекстанға кейінгі екі айда 3502 электромобиль әкелінген. Олардың басым бөлігі Қытайдан импортталған.

Статистика агенттігінің алдын ала мәліметі бойынша, Өзбекстан 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында шетелден жалпы құны 85,7 миллион АҚШ долларын құрайтын 3502 электромобиль жеткізілген.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда электромобильдер импорты 2663 данаға немесе 4 есеге өсіпті. Өзбекстан 2 айда әлемнің 7 елінен электромобиль импорттаған.

Соңғы жаңалықтар