Ата Заң жаңа қоғамдық әдептің негізін қалыптастырады — Қарин

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституцияны қабылдау жаңа, заманауи әрі серпінді мемлекеттік-саяси модельге көшкенімізді білдіреді деген пікір айтты.

а
Фото: Ақорда

— Жаңа Конституцияны қабылдау жаңа, заманауи әрі серпінді мемлекеттік-саяси модельге көшкенімізді білдіреді. Дауыс беру нәтижелері біздің қоғамның президенттік реформалардың төңірегіне топтасып, тұтаса түсетінін растады.

Алайда, Ата Заңды қабылдау — алғашқы кезең ғана. Мемлекет басшысы айтқандай, алдымызда заңнамалық базаны үйлесімді ету бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр, — деп жазды Мемлекеттік кеңесші.

Ол жаңадан 5 конституциялық заңды және шамамен 60 кодекс пен заңды қабылдау қажет екенін айтты.

— Алғашқы кезеңнің өзінде жаңадан 5 конституциялық заңды және шамамен 60 кодекс пен заңды қабылдау қажет. Одан кейін Құрылтай және Қазақстан Халық Кеңесі секілді жаңа институттарды қалыптастыру міндеті тұр.

Үшінші, ең басты міндет — жаңа конституциялық қағидаттар мен құндылықтарды қоғамдық санада орнықтыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу. Бұл дегеніміз, ең алдымен, Тәуелсіздік және Егемендік, Әділетті Қазақстан идеясы, Заң және Тәртіп қағидаттары, бірлік және ынтымақ, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, адами капиталды дамыту, мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтары, еңбекқорлық, прогресс, табиғатқа деген қамқорлық.

Осылайша, Ата Заңның қабылдануымен конституциялық, институционалдық және идеологиялық деңгейлерде жаңа қоғамдық әдептің біртұтас мағыналық негізі қалыптасады, — деді Қарин.

Айта кетелік Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының мәтіні жарияланған еді

 

 

Соңғы жаңалықтар