Ата заңда айқындалған қағидаттар әр балаға бірдей мүмкіндік беруі тиіс - Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Өскелең ұрпақ тәрбиесінде мектеп пен отбасының бірлескен жұмысы маңызды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.
- Жаңа Конституцияда еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтары негізгі қағидаттар ретінде бекітілген. Әсіресе, білім мен адам капиталын дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Ата заңымызда айқындалған қағидаттар оқыту сапасы мен өскелең ұрпақ тәрбиесінен нақты көрініс тауып, әр балаға бірдей мүмкіндік беруге тиіс. Сондықтан біздің міндетіміз – жаңа оқу жылын дұрыс ұйымдастырып қана қоймай, балалардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау. Мемлекет басшысы балалар мен жастардың бойында жаңа Конституцияда бекітілген құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға, «Заң мен Тәртіп» қағидатының сақталуына баса назар аударып келеді, - деді О.Бектенов.
Оның айтуынша, жалпы алғанда, тәрбие жұмысы «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасына және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына негізделуге тиіс. Оның аясында экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға қамқорлық сияқты өмірлік ұстанымдарды орнықтыруға назар аудару керек.
- Бұл істе мектеп пен отбасының бірлескен жұмысы маңызды. Әрбір тәрбие шарасы нақты нәтиже беруі қажет, - деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, биыл 1-сыныпқа 380 мыңнан астам бала қабылданады.