АТА ЗАҢҒА 20 ЖЫЛ: Оралда ардагерлер арасында ашық турнир мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралға қарасты Деркөл кентіндегі «Орал» дене шынықтыру-спорт кешенінде ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған 50 жастан жоғары ардагерлер арасында волейболдан БҚО ашық турнирі мәреге жетті.

АТА ЗАҢҒА 20 ЖЫЛ: Оралда ардагерлер арасында ашық турнир мәреге жетті

Батыс Қазақстан волейбол федерациясы ұйымдастырған жарысқа барлығы он команда қатысып, екі күн бойы бақ сынады.

Турнирдің ашылу рәсімінде облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыстық волейбол федерациясының президенті Арман Өтеғұловтың атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес елімізде жас ерекшеліктеріне қарамастан, қалың бұқараның спортпен жаппай айналысуына баса мән беріліп келеді. Соның ішінде волейбол ойыны кең таралуда. Бұған дәлел ретінде осы жарыстың өзіне жеті бірдей ауданнан құрамалардың келгенін айтуға болады. Командалардың құрамында мұғалімдер мен дәрігерлер, мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері, яғни түрлі мамандық иелері ойнады.

Әуелі командалар үш топқа бөлінді. Олардың арасынан БҚО волейбол федерациясы («Орал»), Бөкей ордасы, Қазталов және «БҚАТУ» командалары суырылып шығып, жартылай финалға жолдама алды. Құрамында Нұрболат Бисекенов, Ерболат Таңатов, Болат Бадашев, Нұрболат Мағзомов сынды ойыншылары бар бөкейордалықтар 2:0 есебімен қазталовтықтарды ұтып, финалға жолдама алды. Финалда облыс құрамасы болып есептелетін «Орал» командасына жол бергенімен, осының өзін үлкен жетістік деуге болады. Үшінші орын үшін бәсекеде «БҚАТУ» командасының мерейі үстем болды. Жекелеген ойыншылардан Павел Агеев («Орал») - үздік шабуылшы, Павел Шепелев («Орал») - турнир ақсақалы, Валерий Мех («БҚАТУ») - үздік қорғаушы, Сүйінбек Хайроллин (Бөкей ордасы) - үздік тосқауыл қоюшы, Жақып Кәрімов (Қазталов) үздік байланыстырушы атанды.

БҚО волейбол федерациясы директорының міндетін атқарушы Темірхан Елеубаевтың айтуынша, бұл жарыс Шымкент қаласында Ата заңның 20 жылдығына орай 55 жастан жоғары волейболшылар арасында өтетін республикалық турнирге іріктеу сайысы болып табылады. Турнир қорытындысына сәйкес БҚО құрамасы жасақталмақ.