Ата заңның қабылдануымен сот билігінің тәуелсіздігі де бірге жарияланды - Б. Бекназаров
АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Ата заңның қабылдануымен сот билігінің тәуелсіздігі де бірге жарияланды.
Бүгін ҚР Жоғарғы Сотында Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесіне арналған салтанатты жиын барысында сөз сөйлеген ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаров осылай мәлім етті.
«Ата Заңда барша қазақстандықтар үшін ортақ құндылықтар анық айшықталған. Бұл - 140 этнос пен 46 дін қауымдастықтары бейбітшілік пен келісім арқасында тату өмір кешіп отырған киелі қазақ жерінің тұтастығы, оған қолсұғылмаушылық. Бұл - жынысына, нәсіліне, ұлты мен дініне, тіліне және басқа да ерекшеліктеріне қарай азаматтарды кемсітуге қатаң тыйым салу. Дәл осынау негізден конституцияның басты қағидаттары - бейбітшілік пен тұрақтылық, барша халықтың игілігі мен экономикалық өсім қамтамасыз етіліп келеді», - деп атап өтті Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаров.
Сонымен қатар, төраға демократия құндылықтарының негізгі мәні болып саналатын әділдік, адам құқы мен азаматтардың бостандығын қамтамасыз етудегі сот билігінің рөлі жоғары екендігін атап өтті. «Сондықтан да, Конституция қабылданғаннан бастап сот билігінің тәуелсіздігі жарияланды және сот-құқықтық саласының реформасына бастау жасалды. Сот саласын тәуелсіздіктің 20 жылдығы бойында реформалау тек бір ғана мақсатқа қол жеткізуге бағытталды. Бұл ең алдымен әділ сот төрелігіне деген қолжетімділік», - деді төраға.