«Ата заңымыз - айдынымыз, әскеріміз - айбынымыз» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 1-і, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Тамыздың 30-ында елімізде Конституция күні кеңінен аталып өтті. Осы мерекеге орай көптеген шаралар ұйымдастырылды. Соның ішіндегі басты оқиға Қазақстан Республикасының Президенті - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда өткен Конституцияның 15 жылдығына арналған әскери шеру болды. Осы айтулы шараға орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Ата заңымыз - айдынымыз, әскеріміз - айбынымыз» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. «Сын сағатта тәуелсіздігіміздің кепілі болған қастерлі Ата Заңымыз - ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығына айналды. Біз бірлігімізді бекемдеген бәтуалы байламмен тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік, тұрақтылық пен тұтастықты сақтап, дегенімізге жеттік. Біз жүретін жолымыздың жаңылмас жосығы, талғам-таңдауымыздың таразысы болған Конституция арқылы іргелі саяси-экономикалық реформаларды іске асырдық», деп жазады басылым.
Еліміздің Ата Заңының құрметіне өткен осы әскери шеру жайында «Айқын», «Алаш айнасы», «Казахстанская правда», «Литер» сынды республикалық басылымдардан да егжей-тегжейлі оқи аласыздар.
Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен бастау алған "Конституция - мемлекеттің демократиялық дамуының негізі" тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ертесіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас оқу ғимаратында жалғасқан болатын. Алқалы жиынды назарынан тыс қалдырмаған «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында «Конституцияға құрмет - елге құрмет» деген мақала жариялап отыр. «Сан-алуан пікірлі мемлекеттегі демократиялық сайлаулар тақырыбында қысқаша баяндама жасаған Финляндия Парламентінің мүшесі Киммо Килюнен демократияның өзін бірнеше тұрғыдан қарауға болатынымен бөлісті. Мұнда ең басты мәселе елді нендей жетістіктерге жеткіздік, қалай басқарылуы керек деген сұрақтарға жауап ізделуі шарт. Ал Латвия Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Гунарс Кутрис күнделікті өмірде конституцияның демократия дамуына ықпал етерін баса айтты. Оның пайымынша, біз кері байланысты да байқаймыз. Демократия деген сөз әмбебап түсінікке айналғандығын тілге тиек еткен Литва Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Кестутис Лапинскас қоғамда демократия дегеніміз басқару нысанын білдірерін ортаға салды», деп жазады басылым.
«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов халықаралық қатынастар жөніндегі директор Томас Паульсон бастаған К.Кербер қоры (ГФР) делегациясымен кездесті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Дөңгелек үстел түрінде өткен кездесуде Премьер-Министр қор өкілдеріне Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі параметрлері - қаржы секторын тұрақтандыруда және банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуде мемлекет қабылдаған шаралар, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуы, ел экономикасын әртараптандыру жөніндегі шаралар, сол сияқты білім беру, денсаулық сақтау және адам капиталын дамытуға мемлекеттік инвестицияларды жүзеге асыру туралы баяндады. Сондай-ақ К.Мәсімов Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалығының алдын-ала нәтижелері, үстіміздегі жылы Астанада өтетін аталған ұйымға мүше елдер басшыларының саммиті тақырыбына қатысты сауалдарға да жауап қайтарды.
***
«Кеше ауған соғысы мен Чернобыль оқиғасына қатысқан қазақстандық ардагерлердің бір тобы Іле Алатауының етегінде орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің республикалық клиникалық госпиталына таң азаннан жиналды. Басты мақсат - әскери госпиталды «суық қолдың» талапайынан арашалап қалу. Сөйтіп, ашу-ызаға булыққан ауғандық және чернобылдық ардагерлер өз ойларын бүкпесіз ашық айтты», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Ауруханадан айқай шықты» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, ағымдағы жылы наурыздың 2-інде Жетісу өңірінде болған жер сілкінісінен кейін Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінен құрылған арнайы комиссия аталған емхана ғимаратының жай-күйін жан-жақты тексерген көрінеді. Нәтижесінде олар ғимараттың талапқа сай келмейтіндігін анықтап, оны қысқа мерзімде босату туралы шешім шығарған.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектебінің директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің игері Оңдасын Абдуллаев. Басылымның барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген мектеп директорының сұхбаты «Біздің мектепте қоңырау соғылмайды, бұл үлгіні Қазақстанға таратуға болады» деген тақырыппен жарияланған. «Қоңырау шалу - шіркеуден қалған белгі. Қоңырау - христиан дініндегі қауымды мінажатқа шақыру үшін пайдаланатын негізгі құрал. Тәуелсіздік алдық, алайда сол бұрынғы ескіден қалған, менталитетімізге мүлдем жат ұғымдардан, әдет-ғұрыптардан әлі күнге арыла алмай келеміз. Оған кінәліні өзгеден іздеудің қажеті шамалы. Жақсы ұсыныс, құнды пікірлерге дер мезгілінде құлақ аса білгеннің өзі көп нәрсенің түйінінің тарқатылуына себепкер. Біздің мектебімізде қоңырау соғылмайды. Оның орнына қазақ халық композиторларының шығармалары мен күйлері орындалады. Бір апта бойы Құрманғазының "Сарыарқасы", келесі аптада "Адайы", тағы бір аптада келесі бір композитордың әйгілі бір туындысына кезек береміз», дейді О.Абдуллаев.
***
Бүгінде орта мектептерде ұстаздық ету тек әйел азаматтарға тән мамандық болып барады. Себебі соңғы жылдары мектептердегі ер мұғалімдердің саны күрт төмендеп кеткен. Мәселен, бүгінгі күні республика мектептеріндегі мұғалімдердің 15 пайызы ер-азаматтар болса, 85 пайызы әйелдер екен. Ер мұғалімдердің санының аздығы жалақының төмендігіне байланысты ма? Бұл сауалға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының президенті Такир Балықбаев «иә» деп жауап берсе, ардагер ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Орынша Қарабалина мектептердегі ер-мұғалімдердің азаюына себеп өте көп екенін айтады. Толығырақ «Алаш айнасы» газетіндегі «Ой-көкпар» айдарынан оқи аласыз.
Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ресейлік саясаттанушылардың, жетекші экономистер мен танымал тарихшылардың бірігіп жазған жаңа кітабының таныстырылымы болып өтті. Кітап авторларының басым бөлігі Қазақстан Президенті Н.Назарбаевты бүгінгі заманның ұлы саясаткеріне теңейді. «Мен Н.Назарбаевтың қайраткерлігін заманымыздың ұлы президенттерімен қатар қоямын. АҚШ-та төрт ұлы президент жүргізген стратегиясы арқылы сол елдің символына айналғаны белгілі. АҚШ-тың биікке көтерілуіне 200 жыл мен төрт ұлы президент қажет болса, Қазақстан үшін бұған Тұңғыш Президент пен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы жетіп жатыр. Елбасы Н.Назарбаевтың ұлылығы да осында», дейді саясаттанушы, РФ Ұлттық стратегиялар институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры Юрий Солозобов. Бұл туралы егжей-тегжейлі оқығыңыз келсе «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Ресей ғалымдары Елбасы стратегиясының болашақ дамуға кепіл болатынын алға тартады» деген мақалаға назар салыңыз.
«Хат жазып, қара тануды тек қағаз-қаламмен өлшейтін кейбіреулер болжағандай, қазақ мүлдем сауатсыз халық болмаған. Керісінше, біз - барлық ойын, жай-күйін тасқа қашап, ағашқа ойып, жіппен бедерлей білген дана халықтың ұрпағымыз. Кезінде қазақтың қызы ұзатылып кеткеннен кейін бір жылдан соң еліне кілем тоқып жіберетін болыпты. Оны алған ата-ана, туған-туыс, бауыры жатжұрттағы қызының жайын бірден білген. Өйткені оның әр оюындағы ойды оқи білетін. Өкінішке қарай, біз бүгін ою-өрнектің тілін түсінетін қасиеттен айырылып, қала берді, қалы кілем, текемет, сырмақ, алаша атаулыны түгел дерлік шетел асырып, тек жұрнағын ғана әрең алып қалғанбыз», деп жазады «Алаш айнасы»газеті. Мақала басылымның сәрсенбілік нөмірінде «Қайран, қазақтың кілемдері-ай!..» деген тақырыппен берілген.
***
«Казахстанская правда» газетінің ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, кеше ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен телефон арқылы сөйлесті. Қ.Саудабаев Қазақстанның және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану жөніндегі бастамаларын батыл қолдағаны және тамыздың 29-ын Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарын қабылдағаны үшін БҰҰ басшысына алғысын білдірді. «Одан әрі сұхбаттасушылар Қырғызстандағы жағдайды талқылап, бұл елді дамыту үшін тұрақтылық пен жағдайды қамтамасыз етуде әлемдік қоғамдастықтың одан әрі күш-жігері қажеттігін атап өтті, бұл орайда алдағы парламенттік сайлау маңызды фактор болуға тиіс. Тараптар ЕҚЫҰ мен БҰҰ күш-жігерін одан әрі тығыз үйлестіре отырып, Қырғызстанға арнайы өкілдерін - ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Жәнібек Кәрібжанов пен БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивті дипломатия орталығының басшысы Мирослав Енчаны жіберу туралы уағдаласты», деп жазады басылым.