Ата заңымыз елдігіміздің мызғымас берік діңгегіне айналды - БҚО сотының төрағасы

Оның айтуынша, Ата заңда сот тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, судьялардың мәртебесін көтеруге зор мүмкіндіктер жасалды. Конституциялық нормалар аясында мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде берік қалыптасқан еліміздің сот жүйесі халықаралық стандарттарға сай лайықты даму үстінде.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ заң үстемдігін, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық мемлекет құруды мақсат еткен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев судьялардың өткен алтыншы съезінде Конституцияның сенімді кепілі ретінде Жоғарғы сотқа қазақстандық сот төрелігінің моделін одан әрі жетілдіруді, барынша кемелденген тәуелсіз сот жүйесін құруды, азаматтардың соттарға деген сенімін арттыра түсуді міндеттеді. Мемлекет сот жүйесінің материалдық-техникалық жай-күйіне көңіл бөлуде. Судьялар қауымдастығы мен сот қызметкерлері Елбасы мен мемлекетіміз тарапынан көрсетіліп отырған осынау зор сенімді ақтап, тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен гүлденуі жолында алдарына қойылған міндеттерді абыроймен жүзеге асыруы тиіс.
Қазақстанның Ата заңы - Елбасының «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында паш етілген «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының түпқазығы және қозғаушы күші. Мемлекет басшысының атап көрсеткеніндей, «Басты мақсат - Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы». «Бейбітшілік пен тұрақтылық, әділ сот және тиімді құқық тәртібі дегеніміз - дамыған елдің негізі» делінген Жолдауда.
«Шұғылалы Ата заң аясында өркениет көшіне қосылып, қарышты дамып келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміздің айбыны асқақтап, халқымыздың әл-аухаты мен тұрмысы гүлдене беруі жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, татулықпен және бірлікпен еңбек етейік!», деді Б.Әметов.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, әрбір мереке жаңалығы мен жақсылығын ала келеді. Заманына жараса дамып келе жатқан еліміздің сот жүйесі жаңа кадрлармен де толығу үстінде. Мерекелік шара барысында жас маман салтанатты түрде ант қабылдады.
Мұнан кейін сот жүйесінің ардагерлері Қуаныш Әбуов, Қалима Өтешева құтықтау сөз сөйледі.
Қызметте табысқа жеткені және белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар судьялар мен сот қызметкерлеріне мерекелік марапаттаулар табыс етілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Қ.Мәмидің 2014 жылғы 14 тамыздағы №171 өкімімен ұзақ жылдар бойғы жемісті, әрі мінсіз қызметі, сот-құқықтық жүйесін дамытуға қосқан салмақты үлесі үшін Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Хабиболла Аманқұлов пен Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Ләззат Ұстағалиева Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталса, Орал қалалық №2 сотының судьясы Сәуле Жұмабекова ҚР Жоғарғы Сотының ІІ дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісін өңіріне тақты. Ал сот жүйесінің ардагері Любовь Карташова сот жүйесінде ұзақ жылдар бойы қалтқысыз қызмет еткені, сот төрелігін атқарудағы табыстары, белсенді қоғамдық қызметі үшін «Судьялар одағының құрметті мүшесі» құрмет белгісіне ие болды.
Батыс Қазақстан облыстық сотының судьялары Есенбай Боранбаев пен Гүлнәр Миниуске және Орал қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Айнұр Қадыроваға Судьялар қауымдастығындағы белсенді қызметі үшін Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы С.Байбатыровтың алғысы жарияланды. Бір топ судьялар мен сот қызметкерлері облыстық сот төрағасының құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар ардагерлерге судьялар қауымдастығының мерекелік сыйлықтары табыс етілді.
Жиын соңында мерекелік салтанатқа қатысушылар сот көркемөнерпаздарының күшімен әзірленген концертті тамашалады.