«Ата жолы» картасы: АҚШ пен Еуропадан этникалық қазақтар келеді
АСТАНА. KAZINFORM – «Ата жолы» картасын 57 этникалық қазақ алды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин айтты.
«Әлемде инвестициялар үшін бәсекелестіктің күшеюі аясында елдегі бизнес-иммиграцияны одан әрі дамыту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Этникалық қазақтарды «Ата жолы» картасына тарту бойынша шаралар қолға алынды. Осы картаны алуға үміткерлердің географиясы кеңейіп келеді. Қазіргі кезде Ресей Федерациясы, Германия, Қытай сияқты таяу шет елдермен қатар, «Ата жолы» картасын алуға АҚШ, Еуро одағы елдерінің азаматтары – этникалық қазақтар да қызығушылық танытып отыр.
Естеріңізге сала кетсек, «Ата жолы» картасы өз елдерінде сұранысқа ие кәсібі бар немесе табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда кеңінен қолдануға ниет білдірген этникалық қазақтарға беріледі», - деді Е.Абулхатин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, «Ата жолы» картасын 57 этникалық қазақ алды. Оның ішінде сұранысқа ие мамандықтары бар 31 адам және 26 кәсіпкер қамтылды. Бұл картаны алған этникалық қазақ көбіне Астана және Алматы қаласында тұрады.
Атап айтқанда, бұған дейін «Ата жолы» картасын қалай алуға болатынын жазған едік.