«Ата жолы» картасын қанша этникалық қазақ алды
АСТАНА. KAZINFORM – «Ата жолы» картасын ұстаушыларға «бір өтініш» қағидаты бойынша тұрақты тұруға рұқсат алудың оңайлатылған тәртібімен мүмкіндіктер берілмек. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған.
«2023 жылдың маусым айында шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасы енгізілді. Бүгінгі таңда 55 өтінім (124 адам) мақұлданды. Оның ішінде 25 картаны (67 адам) бизнес-иммигранттар және 30 картаны (57 адам) сұранысқа ие кәсіп иелері алды», - деді вице-премьер.
Тамара Дүйсенованың жауабына берілген анықтамаға сәйкес, «сұранысқа ие мамандықтар» бойынша 11 елдің азаматтары картаны алды: Ресейден 15 адам, Германиядан 4 адам, Моңғолия мен ҚХР-дан 2 адам, АҚШ, Израиль, Нидерланды, Өзбекстан, Қырғызстан, Финляндия және Австриядан 1 адам. «бизнес-иммигрант» ретінде картаны 10 елден алды: Ресейден 12 адам, Ауғанстаннан 3 адам, ҚХР мен Моңғолиядан 2 адамнан, Австрия, Израиль, Германия, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстаннан 1 адамнан.
«Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелеріне «Ата жолы» картасын алуға өтініш білдірген өтініш беруші туралы (террористік немесе экстремистік ұйымдарға жататындығы, тиісті өңірлердің ұлттық қауіпсіздік органдарында құқық бұзушылық жасағаны туралы айыптау мәліметтерінің бар-жоғын тексеруді жүзеге асыру) тиісті сауалдар жіберу бөлігінде заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бұдан басқа, карта ұстаушыларға „бір өтініш“ қағидаты бойынша тұрақты тұруға рұқсат алудың оңайлатылған тәртібімен мүмкіндіктер беру бөлігінде заңнамалық түзетулер енгізілуде. 2024 жылдың 24 мамырда Үкіметте менің төрағалымыммен „Ата жолы“ картасын алған азаматтармен кездесу өткізілді. Кездесу барысында картаны алу тетіктерін жетілдіру, жұмысқа орналасу, бизнестерін дамыту және басқа да мәселелер бойынша олардың ұсыныстары тыңдалды», - деді ол.