«Ата жолы» картасын қанша қандас алды

«Ата жолы» картасын қанша қандас алды
Фото: 7-su.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Migration.enbek.kz порталы аясында жоғары білікті сұранысқа ие шетелдік мамандарды тарту үшін модуль жасалып жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын беру бойынша отандық платформа іске қосылды. Қазіргі уақытта бұл жұмыс Қазақстан Республикасының 44 шетелдік мекемесімен «Қандас» ААЖ мобильді қосымшасы арқылы автоматтандырылған режимде жүргізіледі. 2024 жылдың 20 наурызында 44 этникалық қазақ (барлығы отбасы мүшелерімен 110 адам) «Ата жолы» картасын алды: 23 адам (отбасы мүшелерімен 48) - сұранысқа ие мамандықтар бойынша, 21 адам (отбасы мүшелерімен 62) - бизнес-иммигрант ретінде», - деп атат өтеді вице-премьер жауабында.

Оның атап өтуінше, «сұранысқа ие мамандықтар» бойынша картаны алғандардың сапалық талдауына сәйкес, картаның 23 иегері арасында инженер-физик, инженер-математик, газ-мұнай құбырларын жобалау және пайдалану, компьютерлік бағдарламалық қамтамасыз ету және есептеу техникасы, химиялық технологиялар, су асты инжинирингі, қолданбалы математика, ұшақ құрылысы, корпоративтік құқықтану мамандары, сондай-ақ жақ-бет хирургиясы дәрігерлері, педиатрлар және басқа да мамандар бар. Ал картаны бизнес-иммигрант ретінде алған 21 адамның ішінде мелиорация, рекультивация және жерді қорғау, физика және информатика, ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандары, дәрігерлер және шетелде жұмыс істейтін бизнесі бар кәсіпкерлер кездеседі.

«Сонымен қатар шетел азаматтары үшін көші-қон саласындағы мемлекеттік қызметтер туралы толық және егжей-тегжейлі ақпаратты қамтамасыз ету үшін «migration.enbek.kz» порталы әзірленді. Портал аясында жоғары білікті сұранысқа ие шетелдік мамандарды тарту үшін модуль жасалып жатыр», - деді Тамара Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар