Ата жұртыңда өнер көрсетіп, абыройын асқақтатқанға не жетсін – «Қазақ жауынгері»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай қазақтары жиі қоныстанған Алтай аймағы, Қаба ауданы бокссүйер қауым үшін Қанат Исламның туған ауылы ретінде есімізде қалғаны баршамызға аян.
None
None

Міне, осындай миллиардтарды мойындатқан Исламды туған киелі мекеннен тағы бір қазақтың қарадомалақ ұлы қанатын қомдап, кәсіпқой боксты бағындыра бастады. Ол - Қытайда «Қазақ жауынгері» деген лақап атымен танымал болған Елшат Нығметоллаұлы.

Қандасымыз ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, Астанада Тәуелсіздік күні мерекесіне орай өтетін кәсіпқой бокс кешіне байланысты дайындық жұмыстары туралы айтып берді.

- Елшат Астанаға қош келдіңіз ?

- Рахмет!

- Елордаға алғаш келуіңіз ба ?

- Иә, бірінші рет! Сондықтан да шығар өте бір ерекше әсерде жүрмін. Қазақ елінің астанасында, яғни Алаштың ақордасында тәуелсіздік мерекесіне орай алғаш айқасым өткелі отыр. Бұл мен үшін үлкен бақыт, үлкен абырой. Сол үшін алдағы 16 желтоқсан күнгі өтетін жекпе-жегіме Астана тұрғындары мен қонақтарына естен кетпейтін бокс кешін сыйлағым келіп отыр. Ата-жұрттағы алғашқы айқасыма барша қазақстандықтарды шақырамын.

- Қалың көпшілік «Қазақ жауынгері» нендей ерлік жасар екен деп жекпе-жегіңізді тағатсыздана күтіп отырғаны рас. Десек те спортсүйер қауым Сіз туралы көп біле бермейді.

- Есімім - Елшат. Әкемнің аты - Нығметолла. Қытайдағы Алтай аймағы, Қаба ауданында 1994 жылы дүниеге келдім. Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Исламды бүгінде қазақ елі ғана емес, әлем таниды. Менде сол мекеннен өмір есігін аштым. Боксқа келуімізге осы Қанат ағамыз себепкер болды. Біз осы ағамызды үлгі тұтып өстік.

- Жалпы «Қазақ жауынгері» атануыңыздың сыры неде?

- Бұл жай таңдалған лақап ат емес. Қазақ ежелден жауынгер халық екені баршамызға белгілі. Мен сол үшін миллиардтар еліне қазақтың қандай ұлт екенін дәлелдеу үшін осы лақап атты таңдадым және дәлелдегім келді, дәлелдеп келе жатырмын.

null

- Қытайда қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?


- Қытайда 53,5 келі салмақта WBO тұжырымы бойынша Қытай чемпионы және WBC тұжырымы бойынша Азия чемпионы атағына қол жеткіздім. Бұл Қытайда кез-келген боксшыға бұйыра бермейтін атақ. Осы жетістіктердің арқасында әлемдік рейтингтегі ең мықты 100 боксшының қатарына, ал Қытайда өз салмағымда көш бастадым.

- Спорттағы жетісіктеріңізге қарағанда боксқа ерте жастан бет бұрған сияқтысыз ?

- Бастауыш сыныпты бітіргеннен кейін, ауылдан қаланың орталығында орналасқан мектепке ауыстым. Қысқы демалыс кезінде «Бокс үйірмесіне шақырамыз» деген жарнамаға көзім түсіп, курсқа жазылдым. Осылайша 15 жасымда жарты жылдың ішінде Алтай чемпионы атандым.

null

- Алғашқы бокс «әліппесін» кім үйретті ?

- Қанат Исламның алғашқы бапкері Мұрат Бошайұлы туралы бокссүйер қауым жақсы білетін болуы керек. Менің де алғашқы ұстазым осы кісі. Ол бокстың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, дін мен ділімізді, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуді үйретті. Біздің бабаларымыздың батыр болғанын санамызға құйып отырды. Қытайда жүрсе де ұлты үшін маңдай терін төгіп, елеулі еңбек еткен адам. Көптеген қазақ баласын спортқа баулып, тәлім-тәрбие берді. Менің де үлкен жетістіктерге қол жеткізуіме себепкер болды.

- Кәсіпқой боксқа келуіңізге не себеп болды ?

- Қытайда әуесқой бокста топ жару - Олимпиаданы бағындырумен бірдей. Біз үшін, яғни аз ұлттар үшін әуесқойда биіктерді бағындыру өте қиын. 2012 жылы Шыңжаңда өткен чемпионатта 52 келі салмақта қарсылас шақ келтірмедім. Бірақ, Шыңжаңда екі жылдай үлкен додаларға қатыса алмадым. Осылай жүргенде Қытайдың ішкі өлкесіндегі бір үлкен компаниядан ұсыныс түсті. Мен келісімімді бердім. Осылайша үлкен спорттағы жолым ашыла бастады. Бірақ, аралықтағы қиыншылықтарымды айтпай-ақ қояйын.


null

- Жақсы, кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісіңізді еске түсіре кетсеңіз ?

- 2014 жылы кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегімді өткізіп, жеңіске жеттім. 2016 жылы WBA тұжырымы бойынша Қытай чемпионы атанып, алтын белбеуге ие болдым. Одан кейін WBC тұжырымы бойынша Азия чемпионы атандым. Осыдан бір-екі ай бұрын Қытайға барып тағы бір жекпе-жек өткізіп келдім.

null

- Қазақстанға келгеніңізге жалпы қанша уақыт болды ?

- Биыл келіп отырмын. Алматыда үш ай жаттығып, арасында Қытайға барып бір жекпе-жек өткізіп келдім. Одан бері бір ай болды.

- Бұл жақта қай бапкермен жұмыс жасап жатсыз ?

- Қазір Жанқош Тұраровтың ұстазы, кезіндегі Ардақ Назаровты баптаған белгілі бапкер Сағатбек Мұсахановтың қол астында жаттығып жатырмын. 16 желтоқсан күні осы бапкерім мені рингке алып шығатын болады.

null

- Болашақта Қазақстанда қалғыңыз келе ме ?

- Әрине, өз еліңде, атажұртыңда өнер көрсетіп абыройын асқақтатқанға не жетсін. Алдағы уақытта азаматтық алу мәселесін де шешемін деген ойдамын.

- Бұл жолғы қарсыласыңыз туралы не айтасыз? Бұрыннан білесіз бе оны ?

- Бұрыннан таныстығым жоқ. Бір білетінім жеңіліп көрмеген әзербайжандық боксшы Фарид Алиев. Ол бұған дейін 5 жекпе-жек өткізіп, барлығында нокаутпен жеңіске жетіпті.

null

- Біздің білуімізше бокс кеші Қанат Исламның «QAZAQ promotions» промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен өткелі отыр. Бұл бокс кешіндегі жекпе-жегің халықаралық кәсіпқой бокс федерациясының ресми тіркеуіне кіре ме?

- Жоқ, кірмейді. Қытайда да осындай айқастар болған. Негізі, мен 16 жекпе-жек өткізгем. Барлығында жеңіске жеттім. Алайда, нақты кәсіпқой бокс кешінде 14 рет өнер көрсетіппін.

- Әңгімеңізге рахмет! Алдағы айқасыңызға сәттілік тілейміз...


Соңғы жаңалықтар