Атақты скрипкашы Марат Бисенғалиев Оралда өнер көрсетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін атақты скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Марат Бисенғалиев БҚО қазақ драма театрының фойесінде Алматы симфониялық оркестрімен бірге концерт қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Әлемге танымал музыканттың 55 жасына және симфониялық оркестрдің 5 жылдығына орайластырылған кеште қазақстандық және шетелдік композиторлардың классикалық туындылары орындалды. Соның ішінде әйгілі ағылшын композиторы Карл Дженкинстің Марат Бисенғалиевке арнап жазған «Сарықыз» атты туындысы да бар. Сол секілді Джоаккино Рассини, Эдвард Элгар, Еркеш Шәкеев сынды белгілі композиторлардың шығармаларын көрермендер ұйып тыңдады.

Концертті тамашалаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов атақты өнер саңлағын мерейтойымен құттықтап, Наурыз мерекесі қарсаңында келіп, өнер көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
 

Марат Бисенғалиев алдағы уақытта да Ақ Жайық өңіріне ат басын бұрып, классикалық музыка тыңдаушыларын қуанта беретіндіктерін жеткізді. Ертең ол Оралда шеберлік дәрісін де бермекші.

Айта кетейік, Марат Бисенғалиев 1962 жылы Алматыда өмір есігін ашқанымен, оның Батыс Қазақстан облысымен тікелей байланысы бар. Өйткені оның әкесі Сәмет Бисенғалиев - Бөкей ордасы ауданының тумасы. Көп жыл Ұлыбританияда тұрған Марат Бисенғалиев туған жерімен байланысын үзбей, кезінде Оралда  скрипкашылардың халықаралық байқауын, сосын филармониялық оркестрді ұйымдастырған болатын. 

Соңғы жаңалықтар