Атақты ұйым Аралға не берді? - шілденің 22-індегі қазақ басылымдарына шолу

АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттерінің және «Алтын орда» апталық газетінің бүгін, шілденің 22-сі күнгі сандарында жарияланған өзекті материалдарына шолуды ұсынады.

Атақты ұйым Аралға не берді? - шілденің 22-індегі қазақ басылымдарына шолу

 «Ел экономикасы жаңа даму шебіне қадам басты» деген тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші бетінде жарық көрген мақалада күні кеше Үкімет отырысында Мемлекет басшысы шілденің 19-ында қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке  кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды жүзеге асыру туралы мәселе қаралғандығы жазылған. Сонымен қатар газет тілшісі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының тұрақтандыру бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралғандығын атап өткен.

 Газеттің осы бетінде «Атақты ұйым Аралға не берді?» атты мақала жарық көрді. Мақалаға дүйсенбі күні Алматыда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ян Кубиш пен Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқару комитетінің төрағасы Сағит Ибатуллиннің кездесуі арқау болған. «Арал бірнеше мемлекетке тиесілі болғанымен, оның адамзатқа артқан тауқыметі әлемге ортақ. Одан ұшқан тұз Памир шыңдарынан табылып жатқанда ешқандай елдер, халықаралық ұйымдар қол қусырып қарап отыра алмайды», дейді басылым тілшісі.

 «Егемен Қазақстан» газетінің 2-ші бетінде  өзекті екі мақала қатар берілген. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор Серікжан Қанаевтың «Мемлекет басшысының тапсырмаларына - тиімді бақылау» атты мақаласында Елбасы белгілеген бірде-бір әлеуметтік немесе экономикалық бағдарламаның қысқармағандығы, «Жол картасының» жандануы, шағын және орта бизнестің мемлекет тарапынан қолдау тауып отырғандығы сияқты өзекті мәселерге шолу жасалған.

Екіншісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, инженер-металлург Хусаин Валиевтің «Төрле, қазақ» атты мақаласы. Мақала авторы жастарға  үлгі-өнеге беру, білім беру мәселері төңірегінде ой қозғап, «Қазір жұмыс берушілер де маманның жеке тұлғалық қабілетіне мән береді. Сол себепті бүгінгі студент білім алумен қатар, белсенді өмірлік ұстанымы, өзіндік көзқарасы бар, адамдық құндылықтарды бағалайтын, мәдениетті, парасатты азамат болып қалыптасуы тиіс», дейді.

 Басылымның 3-4-ші беттерінде Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары берілген.

 Газеттің 5-ші бетінде «Театр және уақыт» атты дөңгелек үстел басындағы әңгіме жарияланған. Драматургия саласының өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген азаматтар бас қосқан жиында театр репертуарын жаңарту мақсатында атқарылған шаруалар талқыға салынған.

«Банкирлер «дағдарысқа қарсы» қаржыға қол салды».  Осы тақырыппен «Айқын» газетінде мақала жарияланған. «Дағдарыспен күреске Ұлттық қордан бағытталған қаражат тасқынының басым бөлігі тікелей банктерге арна тартқаны мәлім. Демек, «сыйға-сый», әрбір банктің жасаған еңбегі елге пайда әкелуге тиіс еді. Алайда кейбір банктердің тиісті жерлерді жалаң деректермен матап қойып, өздері «тағдырлы» ел қаржысын өз қалауларынша жұмсап келгені анықталуда», дейді газет тілшісі.

Газеттің 6-шы бетінде «Қазтеміртранс» АҚ бас инженері Ерғазы Кәрібжановпен арадағы сұхбат берілген. Сұхбатта теміржол саласының маңызды мәселелері көтерілген.

Басылымда «Қанат жайған кәсіпкерлік оң нәтижесін беруде» атты мақала бар. Мақалаға Жамбыл облысындағы шағын және орта бизнестің дамуы, олардың екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырылуы сияқты мәселелер арқау болған.

«Алтын орда» апталық газетінің 6-7-ші беттерінде «Жарқын жолдың бастауы» деген тақырыппен Елбасы ауылынан арнайы репортаж берілген. 

Басылымның ішкі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы бойынша Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі болған депутат Гүлнәр Сейітмағанбетовамен арадағы сұхбат жарияланған. Сұхбат денсаулық сақтау саласының дәрі-дәрмек сапасы, транспланттау, ауыл дәрігерлерін әлеуметтік қолдау шаралары сияқты көкейкесті мәселелер төңірегінде өрбіген.

Мұрын жыраудың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жарияланған «Маңғыстаудың марқасқасы» атты  мақалада оның өмірі, шығармашылығының зерттелуі төңірегінде келелі әңгіме қозғалған.

Сондай-ақ «Алтын орда» апталығы «Ауыл» экспедициясының Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданына жасаған сапары туралы жазған. «Бұлт ұйықтаған ұжмақ жер» деп аталатын мақала басылымның 26, 27, 28-ші сандарында жарық көрген эссенің жалғасы.