Атақты желаяқ Марат Жыланбаевтың жолын қуғым келеді - Баубек Ілиясов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Атақты желаяқ Марат Жыланбаевтың жолын қуғым келеді. Қазталов ауданында тұратын 25 жасар жігіт Баубек Ілиясов осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жүгірумен, спорттың басқа да түрлерімен тұрақты айналысудың маңызы зор.

-Елбасы бастап берген Жастар жылында алдыма үлкен мақсаттар қойып отырмын. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану арқылы кез келген ауруды жеңуге болатынын дәлелдегім келеді. Жүгіруден басқа аптасына үш рет мұздай суға түсемін, футболмен, темір көтерумен айналысамын, бос уақытымда билеймін, сурет саламын. Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжін бітірдім, қазір заңгерлік мамандыққа сырттай оқып жүрмін. Әзірде дүкенде сатушымын. Ұзақ қашықтықтарға жүгіруге әуелден ден қойып едім. Бұған дейін Орал қаласында өткен жартылай марафонда (21 км) бірінші орынға ие болдым, - дейді Қазталов ауылында тұратын Б.Ілиясов.null

-Баубек Меңдібайұлы, жуырда 20 градус аязда Қазталов пен Жалпақтал ауылдарының арасын (60 км) 5 сағат 20 минутта жүгіріп өтіпсің, өзіңді байқап көрейін дедің бе?

-Иә, қыстыгүні аязда жүгіру оңай емес екен. Бастапқыда жүрексінгеніммен, мәреге жеттім. Бұл бастамасы ғана. Мұндағы мақсат - өзім құралпы жастар көріп, үлгі алсын дегендік. Олар да спортпен дендеп айналысса деймін. Енді алдағы уақытта ауылдық округтерді жүгіріп өтіп, 100 километрді бағындырғым келеді. Биыл сондай-ақ Алматы қаласында көктемде өтетін марафонға (42,2 км) қатыссам ба деп отырмын.

-Ең бастысы, адам өзіне сенуі керек дейсің ғой?

-Иә, әрине! Біздің елімізде жастарға ұдайы қолдау көрсетіліп келеді. Ендеше, оған жауап ретінде әркім өзінің жаны да, тәні де сау болуы үшін алға ұмтылуы керек. Спорт пен еңбек - бәрін де жеңбек деп айтар едім. Жас ұрпақ мықты болса, мемлекетіміздің де іргесі беки түсіп, мәртебесі өсіп, аспандай түсері сөзсіз.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын жас ұстаз өз ой-толғамын ортаға салған болатын.

Соңғы жаңалықтар