«Атақтылар неден қорқады?» - БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 29 тамыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 29 тамыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің кезекті брифингі Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналды. Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай, сонымен қатар, дүниежүзілік қауымдастық үшін бұл күннің маңыздылығына тоқталу мақсатында брифингке Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы резидент-үйлестірушісі міндетін атқарушы, ЮНИСЕФ - Біріккен Ұлттар Ұйымының балаларға көмек көрсететін халықаралық төтенше қоры өкілдігінің басшысы Джун Кукита мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының ғылым жөніндегі кеңесшісі, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бұрынғы директоры - Ядролық физика институтының бұрынғы директоры Қайрат Қадыржан қатысты. Осы жайындағы мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Қарусыздануға ғаламдық үрдіс керек» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, Қ. Қадыржан Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарын жою жөніндегі біраз жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан жұмыстардың барысы, осы бағытта қандай жұмыстар атқарылғаны, уланған жерлерді қолданысқа толық қайтару жұмыстарының жайы туралы әңгімеледі. «Бүгінгі таңда еліміздің ғалымдары Семей полигоны аймағын жан-жақты зерттеп, үлкен шаруалар атқарды. Яғни, полигон аймағына жақын жерлер бірнеше бөлікке бөлініп, зерттелді. Бұл жерлердің шаруашылықтарға пайдалану-пайдаланбау мәселесіне түбегейлі зерттеу жүргізу үшін халықаралық сарапшылар мен халықаралық ұйымдар да тартылды», - деді ол.
***
Әрбір адамның бойында үрей болады. Біреу оттан, біреу судан қорқады. Ал енді біреуі зияны жоқ кішкентай жәндікті көріп, отырған орнынан ыршып түсуі мүмкін. Мұны ғылымда фобия дейді. Ал атағы жер жарған танымал тұлғалар неден сескенетіндігі «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Атақтылар неден қорқады?» деген тақырып аясында топтастырылып беріліп отыр. Мәселен, басылымның жазуынша, сұлулықты сипаттайтын суретшілердің арасында әдемі әйелден қорқатындары да болыпты. Расында, жазушылар, атақты адамдар сұлу әйелдің шырмауында қалудан қауiптенген. Суретші Михаил Врубель әдемі аруды көргенде, қатты ыңғайсызданып, бойын қорқыныш билейтін болған. «Голливуд актерлерi Бред Питт, Том Круз, Скарлетт Йохансон, тіпті «Өрмекші адам» фильмінде басты рөлде ойнаған Тоби Магуайер бүйіден, өрмекшінің басқа да түрлерінен қорқады екен. Негізі, бүйінің бір түрі - қарақұрттан бәріміз қорқамыз. Жусан иiсі аңқыған қазақ даласымен жақсы таныс жандар мұның қандай қауіпті жәндік екенін біледі. Бірақ қой иісінен қорқатын қарақұрт ауыл қазақтары үшін қауіп емес. Мансабы мен жеткен жетістіктеріне қарамастан, барлық адам қорқады. Бұл заңды да. Ал сіз ше? Неден қорқасыз?» - деп жазады басылым.
Ғалымдардың бір мезгілде бірнеше жоғары оқу орындарында дәріс беруін дұрыс деп санайсыз ба? Міне, осы сауалды «Айқын» газеті еліміздің бетке ұстар профессорларына қойған. Бұл сауалға жауап берген заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арықбай Ағыбаев: «Атағы дардай профессорлардың бір мезгілде бірнеше жоғары оқу орындарында сабақ беруі - ақылға сыйымсыз. Анда-мында шапқылап жүрген ұстаз қандай білім беріп жарытады? Меніңше, бұл жүйені жойған дұрыс», - дейді. Қазақтың Абай атындағы Ұлттық педагогика университетінің оқытушысы, саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлшат Нұрымбетова мұны ұстаздардың айлығы аз болғандықтан амалсыз баратын тірлігі санайды.
***
«Қазақстанда күздің соңғы күндеріне қарай бензин бағасы тағы да қымбаттайды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті «Бензиновое дежа вю» деген тақырыптағы мақаласында. Басылым жанармайдың қандай себеппен қымтаттайтындығы егжей-тегжейлі құлағдар етуге тырысқан.
***
Павлодарда қалжыңдасқан полиция ведомствосының 2 басшысы жаға жыртысып қалды. Бұл жайында «Экспресс К» газетінің бейсенбілік нөміріндегі «Мое кунг-фу сильнее твоего каратэ» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, оқиға бастықтардың бірінің қызметтік бөлмесінде орын алған көрінеді. «Оқиға Павлодар облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Бақытбек Байзелдинов пен Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығының орынбасары Талғат Ешімовтың арасында орын алды. Дегенмен, бұл олардың кәсіби қызметтеріне байланысты емес. Аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде», - депті басылымға облыстық ІІД баспасөз қызметінің қызметкері Алма Мұсабекова.