«Атамекен» елорда жастарына кәсіп ашуға қолдау көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтіп жатқан «Jastar jalyny» форумы аясында қалалық «Атамекен» ҰКП елорда жастарына өз бизнестерін бастауда қолдау білдіруге дайын екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен» елорда жастарына кәсіп ашуға қолдау көрсетеді

«Біз еліміздегі пайда түсетін барлық бизнес бастамаға қолдау білдіреміз. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында үстіміздегі жылдың 10 айы бойынша Астананың 18 бен 29 жастағы 1200-ден астам жастарына өз істерін бастауға қолдау көрсеттік. Оның ішінде бизнес жоспар құру, заңдық және бухгалтерлік кеңестер беру, өз кәсібін дамыту және қорғай білу, одан бөлек, стартап жобаларға қатысып өз жобасын ұсыну, сайт ашу және тағы басқа. Сөзіме дәлел, бізде бизнес бастау бағдарламасы бойынша оқыған жас кәсіпкер бүгінде қала бойынша сүт сататын құрылғылар орнатып, өз кәсібін дөңгелетіп жатыр. Сондықтан идеясы бар, мақсаты анық жастарға есігіміз үнемі ашық, қодан келген барлық қолдауды білдіреміз», - деді Астана қалалық «Атамекен» ҰКП директоры Ален Түлкібаев.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер палатасының басшысы алдағы уақытта қаланың сауда үйлері мен базарларында саудагерлер мен кәсіпкерлерге тегін кеңес беру орталықтарын ашу жоспарда бар екенін айтып өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай бүгін Астанада қала жастарының форумы өтіп жатыр, онда белгілі жетістікке жеткен түрлі сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап беруде. 

Айта кетсек, Елбасы өзінің биылғы 5 қазандағы Жолдауында 2010 жылы бастау алған «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керектігін айтып өтті. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажеттігін және ол өз кезегінде 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік беретінін атап өткен болатын. 

Фото: qaz.infozakon.kz