«Атамекен» мен Денсаулық министрлігі пациенттің электронды төлқұжатын енгізуде ымыраға келе алмауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» мен Денсаулық министрлігі пациенттің электронды төлқұжатын енгізуде ортақ ымыраға келе алмауда. Бұл жайында бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кәсіпкерлер мен халықтан түсетін басты сұрақ - бұл көрсетілетін қызметтің ашықтығы мен сапа мәселесі. Бұған қоса біз Денсаулық сақтау министрлігімен цифрландыру бойынша да жұмыс жүргізудеміз. Дегенмен өкінішке орай барлық уақытта өзара түсіністікке келе алмаймыз. Әлі күнге дейін жеке клиникалардың барлық мәліметтері қалай интеграцияланатындығын түсінбедік», - деді Юлия Якупбаева.
Оның айтуынша, бұл жұмыстар 1 қаңтарға дейін аяқталуы тиіс. Ал республика халқының тек 50 пайызы ғана интернетпен қамтылған.
«Сонымен қатар пациенттің электронды төлқұжатына қатысты да көзқарасымыз сай келмейді. Денсаулық сақтау министрлігі онда қан тобы, төзімсіздігі сынды жалпы ақпараттар болуы қажет дейді. Ал біз пациенттің электронды төлқұжаты бүкіл әлемдегідей көрсетілген қызметтерді бақылаудың бір тетігі болуы тиіс деп санаймыз және онда алған емі, ауру тарихы, зертханалық зерттеулері сынды барлық ақпараттар болуы қажет. Осыған байланысты жеке мәліметтер туралы заңға өзгерістер керек сияқты», - деді ол.