«Атамекен» мұражайы әлем мұражайларымен бейнебайланысқа шығады
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін мамырдың 18-і - Халықаралық мұражайлар күніне орай Астанадағы «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде «Өзгерген әлемдегі мұражай: шабыттың қайнар көзі және жаңалыққа ұмтылу» ұранымен мерекелік іс-шаралар басталды.
Биыл «Атамекен» кешені әлем бойынша өтіп жатқан «Мұражайдағы түн» акциясына қатысып отыр. Сол себепті Халықаралық мұражайлар күніне арналған мерекелік іс-шаралар таң атқанша жалғасады. Барлық ресми шаралар түске дейін аяқталды. Ол кезде «Қазақстан. Мыңжылдықтар тоғысында» диорама павильоны ашылып, «Патриоттар клубының» кезекті жазғы маусымы салтанатты түрде басталды. «Атамекен» кешенінің басшылығы биыл «Патриоттар клубына» жаңа ғимарат салып берді. Оның ішінде кітапхана, компьютерлер, жастардың жиналып, өзара пікір алмасуларына қажетті барлық жағдайлар жасалған. Жаңа ғимараттың ашылуына орай, клубқа мүше мектеп оқушылары оның алдына тал егіп, бір-бірін құтты қоныспен құттықтады. Енді, бағдарламаға сәйкес, «Мұражай - менің әлемім!» тақырыбындағы асфальт суреттері байқауының қорытындысы жарияланып, үздік киім үлгісіне арнайы конкурс ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ал кешқұрым «Шексіз мұражай» бейнеконференциясы аясында «Атамекен» кешені Ресей, Беларусь, Түрікменстан, Украина, Әзірбайжан, Тәжікстан, Мажарстан жәнеТүркия мұражайларымен он-лайн байланысқа шығады. Осыдан кейін фотосурет көрмесі және тарихи тақырыпқа арналған үздік театр көріністерінің конкурсы өтеді. Түнге таман «Қара жорға» биі орындалып, оның соңы Қазақстан жұлдыздарының қатысуымен өтетін мерекелік концертке ұласады.