«Атамекен» палатасы дизель тапшылығы мәселесін шешудің жолын ұсынды
«Қазіргі таңда шаруалар дизельдің қымбаттауына алаңдаулы. Тек олар емес, жалпы халық пен бизнес те осы отын түріне тәуелді екені белгілі. Бұл мәселені жүйелі әрі кезең-кезеңімен шешу керек деп ойлаймыз. Бүгінде елімізде тек 3 ірі мұнай өңдеу зауыты бар. Сондай-ақ, бірнеше шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Біз үнемі ішкі нарыққа сараптама жасап отырамыз. Оның нәтижесіне байланысты мәселені шешу жолдарын ұсынамыз. Қазіргі таңдағы дизель тапшылығын шешу мақсатында Қазақстанда мұнай өңдеумен айналысатын бөлек, ірі зауыт салу керек деп есептейміз», - деді Райымбек Баталов.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасының өкілдері шаруалардың сұранысы негізінде елде агробанк ашу ұсынысы қарастырылып жатқанын жеткізді.
«Шаруаларға ыңғайлы болуы үшін агробанк құруды ұсындық. Бұл бүгінгідей бюрократиялық жүйе арқылы рәсімделетін несие болмайды. Қазір кәсібі үшін несие алатын бизнес иесі 35 құжат дайындауы қажет. Мұндай жүйе бізге керек емес. Ал, агробанк қаражат қажет болған фермерге барынша жеңілдетілген тәртіпте қаржы ұсынатын болуы тиіс. Бұл бастаманы Мемлекет басшына да айттық», - деп ұсынысымен бөлісті «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Жигули Дайрабаев.
Оның айтуынша, бүгінде мұндай банк көршілес Ресейде бар. Алдағы уақытта банк құру шешімі қабылданса, онда оны жасақтауда аталған елдің тәжірибесін негізге алу жоспарланған.
Айта кетсек, кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шаруа қожалықтары мен ірі сауда желілерінің байланысын нығайтуды тапсырды.
Фото: danchoioto.vn