«Атамекен» ҰКП басқару және реформалау мәселесі қаралмақ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы 18 ақпанда кезектен тыс ІХ съезі өтетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы палатаның баспасөз қызметі мәлімет таратты.
«Кезектен тыс съезді өткізу туралы шешімді «Атамекен» ҰКП төралқа мүшелері шығарды. Күн тәртібінде 4 мәселе қаралады». – деп жазылған ресми ақпаратта.
Сонымен кезектен тыс съезде мына мәселелер қаралмақ:
- ҰКП басқару органдарының кейбір мәселесі;
- ҰКП қызметін реформалау;
- Кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері;
- Басқа да мəселелер.
Еске салсақ, осыдан бір айға жуық уақыт бұрын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев қызметінен кеткен болатын.
«Құрметті әріптестер! Бүгіннен бастап мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының сайланған төрағасы ретіндегі өкілетімді доғаруды ұйғардым. Съез делегаттары мен төралқа мүшелеріне маған сенім білдіргені үшін алғыс айтқым келеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын сегіз жыл бойы басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды», - деп жазды ол аталмыш шешім туралы мәлімдемесінде.