Атамқұлов Астанадағы ғарыш аппараттары кешенінің дайындығы туралы баяндады

АСТАНА. ҚазАқпарат  -  Ағымдағы жылы Астана қаласында ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрылысын аяқтау және 2018 жылы оны шетелдік тапсырыстарды алу үшін халықаралық стандарттар бойынша сертификаттауды бастау жоспарланып отыр.
None
None

 Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл ретте тәжірибелік өндірісі бар арнаулы конструкторлық-технологиялық бюроны (АКТБ) пайдалануға беруді осы жылы аяқтау жоспарланып отыр.

«Қазіргі уақытта кешеннің ғимараты бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 45 пайызға, тәжірибелік өндірісі бар АКТБ ғимараты бойынша 95 пайызға орындалды. Кешеннің сынау учаскелерінің барлық технологиялық жабдығы әзірленді және зауыттық сынаудан ойдағыдай өтті. Осы стратегиялық нысанның болуы ғарыш қызметін дамытуға орасан зор күш береді және Қазақстанға жер серіктерін жобалау және жасау бойынша қызмет көрсететін халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік туғызады» - деді Б. Атамқұлов.

Министр салмағы 100 келіден 6 тоннаға дейінгі жер серіктерін жобалаудан құрастыру мен сынауға дейін, сондай-ақ жер серіктеріне арналған құрамдауыштарды әзірлеу жұмыстары атқарылатынын атап өтті. Барлық жұмысты қазақстандық мамандар жүргізетін болады, бұл қазақстандық қамтуды жер серіктерінің түрі мен мақсатына байланысты 55 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар