Атамқұлов «KazSat-2» жер серігіндегі ақаудың себептерін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов «KazSat-2» жер серігі жұмысындағы ақауға байланысты себептерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
None
None

«Бұған ауыр бөлшектер ықпал етті. Атап айтқанда, спутниктің негізгі уақыты ғарыш кеңістігінде өтеді, осы орайда түрлі бөлшектер мен жоғары және төмен температуралардың әсері болады. Мамандардың тәжірибесі мен жұмысының арқасында спутникті орнына қойдық. Осы кезеңде әлемде төрт жер серігі шығып қалды, жұмысында ақау байқалды. Күндегі жарқыл, сондай-ақ аталған бөлшектер аппараттың жұмысына ықпал етті»,-деді министр.

Сонымен қатар Атамқұлов кибершабуылдар жөніндегі қауесетті жоққа шығарды. Оның сөзінше,  «KazSat-2» және «KazSat-3» спутниктері автономды түрде жұмыс істеп жатыр.

«Әрбір оператордың өзінің арнайы ІР-нүктесі, логині мен құпиясөзі бар. Басқару жүйесі интернетпен өзара байланысты емес, яғни жүйеге кіру үшін әрбір оператор бойынша әр іс-қимылға арнайы логин қажет. Осындай қорғаныс жүйесі спутникті құрастыру кезінде ескерілді. Сондықтан интернетке қосылмағандықтан, кибершабуылдар оны басқаруға әсер ете алмайды»,-деді министр.

Естеріңізге сала кетейік , 2017 жылдың 31 наурызында Астана уақытымен сағат 08:22-де «KazSat-2» спутнигінің қазақстандық жерүсті операторларының сигналы нашарлады.

Соңғы жаңалықтар