"Атамның жеңісі - менің жеңісім" жалпыұлттық әлеуметтік акциясы басталды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Қазкоммерцбанктің бастамасымен "Атамның жеңісі - менің жеңісім" деп аталатын жалпыұлттық әлеуметтік акциясы басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Оған ең алғашқы болып банк қызметкерлері қосылды. Барлық отбасының Ұлы Отан соғысымен тарихи байланысы бар. Біздің көптеген туыстарымыз ұрыс даласынан оралмай қалса, бірқатары соғыстан жеңіспен қайтты, тылдағы еңбек майданында жұмыс жасады, оккупацияны бастарынан өткізді. Осы тарихтың бәрі біздің отбасыларымызда сақталып, тарихи мұрамызды құрауда", дейді Қазкоммерцбанктің Басқарушы директоры Мағжан Әуезов. Оның айтуынша, бұл акция Ұлы Отан соғысынң тарихын сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Қазіргі ұрпақ аға буынның ерлігін ұмытпайды және оны әрдайым мақтан тұтады.
Жалпы мамырдың 7-сіне дейін созылатын бұл шараға кез-келген адам қатыса алады. Бұл үшін олар Ұлы Жеңіске өз үлесін қосқан туыс-туғандарының соғыс және еңбек майданындағы тарихына қатысты фотосуреттерді және өздерінің де фотосуретін жіберуі керек. Ұрпақ жалғастығы ретінде олардың бұл суреттері банктің арнайы құрылған бетінде және алғашқы банктік әлеуметтік желіде (www.homeclub.kz ) қатар орналастырылатын болады.