«Атамұра» корпорациясы «Қазақстан тарихы» бес томдық академиялық басылымын шығарып, жобаны қорытындылады

АЛМАТЫ. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Қазақстан тарихы» бес томдық академиялық басылымын шығару жобасын 1995 жылы академик Манаш Қозыбаевтың тұсында қолға алған едік", -

 «Атамұра» корпорациясы «Қазақстан тарихы» бес томдық академиялық басылымын шығарып, жобаны қорытындылады

деді бүгін «Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхамед Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Р. Құл-Мұхамед корпорация Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Ә.Марғұлан атындағы археология институтымен біріге отырып үлкен жобаны қорытындылап отырғандығын жеткізді. Оның айтуынша, 1996 жылы бірінші томы жарық көрген. Онда тас дәуірінен моңғол шапқыншылығына дейінгі кезең қамтылған. Екінші том 1997 жылы орыс тілінде, 1998 жылы қазақ тілінде шыққан. «Негізінен, екінші томда 13- ғасыр мен 18-ғасырдың басына дейінгі аралық қамтылып, қазақ хандығының құрылғандығына үлкен мән берілген. Дәлірек айтқанда, 1466 жылдағы Жәнібек пен Керейден бастап Қасым хан, Хақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір хандардың мемлекет басқаруындағы алатын орнына ерекше мән берілген», - дейді корпорация президенті.

Ал, үшінші томда 18- ғасыр мен 1917 жыл аралығы баяндалған. Мұнда Жоңғар шапқыншылығы мен Қазақстанның әлеуметтік-саяси шаруашылығы және мәдени өмірі қарастырылған. «Осы томда танымал хандарымыз Абылай ханның, Кенесарының, Әбілқайыр ханның тұлғалық рөлдеріне де ерекше назар аударылған. Ағартушылық салада қазаққа үлкен еңбек сіңірген Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің және А.Құнанбаевтың да тарихына тоқталған», -дейді Р. Құл-Мұхамед.

1917 жылдан 1987 жыл аралығын қамтыған төртінші том 2010 жылы жарық көрген. "Онда бұрыннан оң бағасын алмай жүрген ашаршылық, қуғын-сүргін оқиғаларына ерекше мән берілген. Бесінші том желтоқсан оқиғасынан басталады. Сондай-ақ тәуелсіздік алған жылдардағы Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері мен тарихымыз кеңінен қамтылады", - деп атап өтті өз сөзінде Р. Құл-Мұхамед.