14:52, 30 Мамыр 2009 | GMT +5
Атасының асын ішкен кезде адамның генетикалық жады оянады ? Парламент Мәжілісінің депутаты
АЛМАТЫ. Мамырдың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Атасының асын ішкен кезде адамның генетикалық жады оянады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қымызмұрындық» халықтық фестивалінде осылай айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бүгінгі мерекенің жөні бөлек деп түсініңіздер. Еуропа елдерінде сыра мейрамы жүріп жатады. «Қымызмұрындықтың» жөні бөлек. Адам дұрыс тамақ ішкен кезде дұрыс ойлайды. Атасының асын ішкен кезде оның генетикалық жады оянады. Дұрыс ойлаған, дұрыс тамақ ішкен, дәстүріне берік болған халық бірлікте болады. Ол халықтың қадірі де ерекше болады», - дейді халық қалаулысы Бекболат Тілеухан. Оның пайымдауынша, «қымызымыздың қадірін білмеу құлдық сананың кесірі. Қазір мынау санадағы отарсызданудың бір саласы осы қымызға да байланысты деп түсінген дұрыс. «Исрайыл деген ағамыз ? «Құдіреттің күшін құятын бойға, қымызың қайда, шұбатың қайда? Қымызың мен шұбатың бар да есірткің естен шыға тұрмай ма», деген еді. Қымыз біздің рухымыз, қымыз біздің жанымыз. Қымызға тамақ деп қана қарамай біздің рухымыз деп қарағанымыз абзал. Қымыз ішкен қазақтың ойлауы, қабілеті күшея түседі», - дейді Мәжіліс депутаты.