«Атау кере»: Канадада ер адам өлер алдында «Дюна 2» фильмін көргісі келген

дюна
Фото: Warner Bros. Pictures

АСТАНА. KAZINFORM — Канаданың Квебек қаласындағы хоспистің негізін қалаушы Жозе Ганьон Facebook парақшасында емделушілерінің бірі жан тапсырар алдында «Дюна 2» фильмін көргісі келгенінін жазды. Фильмнің режиссері Дени Вильнев премьераға 1,5 ай қалғанда көмекшісі арқылы оған фильмнің көшірмесі мен компьютер беріп жіберген, деп жазады The Washington Post.

Жозе Ганьон 2024 жылдың қаңтар айының басында Facebook-те «біреудің өмірінің соңында азғантай фокус жасау үшін» режиссер Дени Вильневпен байланысқысы келетінін жариялаған.

Постта Вильневтің не үшін қажет екені, науқастың кім екені айтылмаған. Бір жарым айдан кейін, «Дюна 2» шығарылған күні Жозе Ганьон оқиғаның егжей-тегжейін түсіндірді.

Оның айтуынша, хоспис пациенті қайтыс болмас бұрын «Дюна 2» фильмін көргісі келетінін айтқан. Хоспистің негізін қалаушы науқас туралы ештеңе айтпады, тек науқастың өзімен түйдей құрдас екенін айтқан (The Washington Post науқастың жасы 50-ден асқанын нақтылады). Науқас өзінің хоббиі туралы баяндаған кезде фильмдерді жақсы көретінін айтқан.

Ол фильмнің режиссері Дени Вильневпен тез арада байланысқа шыққан. Жозе Ганьон бастапқыда режиссердің өз фильмдерінің жанкүйерлеріне алғыс бейнеролигін жіберуін ғана қалады. Алайда Вильнев пен оның әйеліне (ол кинопродюсер болған) бұл оқиға «қатты әсер еткен».

«Фильмдер осындай адамға арналған», — дейді Денис Вильнев пен оның жұбайы.

Содан кейін олар фильмді көру үшін хоспис пациентін Монреальға әкелудің жолдарын іздей бастаған, бірақ пациент сапарға тым әлсіз болған және уақыты да аз еді.

16 қаңтарда Вильневтің көмекшісі өзімен бірге фильмнің көшірмесі бар режиссердің компьютерін алып, Квебекке ұшып барған. Науқасқа арналған фильмнің көрсетілімі перделермен жабылған бөлмеде өткен. Демонстрацияға қатысқандар ақпаратты жария етпеу туралы құжаттарға қол қойып, бейнежазбалар жарияланбауы үшін телефондарын уақытша тапсырған.

Науқас ауырсынуына байланысты үш сағаттық фильмді толық көре алмаған, көрсетілім фильмнің жартысына жуықтағанда тоқтаған. Науқас бірнеше күннен кейін қайтыс болды.

«Дюна 2» бүкіл әлем бойынша 2024 жылдың 1 наурызында, осы оқиғадан бір жарым айдан кейін көрсетіле бастады.

Соңғы жаңалықтар