Атаулы әлеуметтік көмек: кімдер алады және қалай тағайындалады

Атаулы әлеуметтік көмек: кімдер алады және қалай тағайындалады
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл үш айда еліміз бойынша 58,8 мың отбасы (312 мың адам) атаулы әлеуметтік көмек алған. Осылайша жалпы саны 58 445 отбасы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында кедейлік жағдайынан шығып отыр. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша АӘК-ті көбіне түркістандықтар алған (27 мың отбасы, 23,7%), екінші орында Шымкент қаласы 12,7 мың отбасы (11,2%), одан әрі Алматы 9,5 мың отбасы (8,3%) және Қызылорда облысында 9,4 мың отбасы (8,2%) иеленген. Ал Ұлытау, Атырау және Солтүстік Қазақстан облысында АЕК-ті алатын отбасылар саны аз екен.

Министрліктің ақпаратында айтылғандай, атаулы әлеуметтік көмек көбіне балаларға тағайындалады (65,4%), одан соң жұмыс істейтін азаматтарға (15,1%), келесі кезекте балаларды, қарттарды және мүгедек жандарды күтетін адамдарға (12,4%), ал қалған 7,1%-ы басқа санаттағы азаматтарға тиесілі.

АӘК-нің негізгі мақсаты – табысы төмен отбасыларды қаржылай қолдау және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы азаматтарды қиын жағдайдан шығару.

Атаулы әлеуметтік көмек қандай жағдайда тағайындалады:

- табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек;

- 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем;

- жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, оқыту, өз ісін ашуға ынталы отбасыларға гранттар беру, тағы сол сияқты қолдау көрсету.

Соңғы жаңалықтар
telegram