Атбасар ауданының бұрынғы әкіміне сот үкімі шықты

«Сот үкімімен А.Никишов ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2 бөлімшесі, 366-бабы 3 бөлігінің 2,4 бөлімшелері, 58-бабының 1,3,5 бөліктері бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық -атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар, бұрынғы әкім өмірбойына мемлекеттік қызметтерде жұмыс істеу құқығынан айырылды. Оған қоса, ҚР ҚК 49-бабының 2-бөлігі бойынша ҚР Президентіне А.Никишовты мемлекеттік наградасы «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс жасады», - делінген соттың хабарламасында.
Сонымен қатар, Атбасар аудандық сот бұрынғы аудан әкімінің сыбайластары К.Әлімжановты 7 жылға, А.Серкебаевты 8 жылға, М.Түркестановты 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаса, Д.Қонышев 18 миллион теңге және Р.Бапхоев 60 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың 31 тамызында А.Никишов пен А.Серкебаев Атбасар қаласының қазандықтары мен жылу магистральдарын жөндеу жұмыстарының құжаттарына қол қою және оған ақша аудару үшін «ИшимСтройИнвест» ЖШС-нің директоры Бапхоевтан 4 миллион теңге көлемінде пара алу кезінде қолға түскен болатын.