Атбасарда су тасқынына қарсы штаб жұмыс істеуде

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Атбасар ауданында су тасқынына қарсы штаб жұмыс істеуде. Алдын алу шаралары тәулік бойы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атбасарда су тасқынына қарсы штаб жұмыс істеуде

Аудан әкімдігінің дерегі бойынша, тұрғын үйлерді аралау кезінде су басу қауіпі бар аумақтарда орналасқан үйлердегі адамдардың саны мен мүліктері анықталды.

"Адамдарды, мүлік және үй жануарларын эвакуациялау бойынша құжаттар әзірленді. Осы құжатқа сай уақытша тұрақ ретінде Атбасар қаласындағы № 3, 4, 5, 7 және 8 орта мектептері таңдалып алынды.

Ал, материалдық құндылықтар «Бас» ЖК және «Целиндорстрой» ЖШС аумағында орналастырылатын болады. Жедел топ тәулік бойы кезекшілік жүргізуде", дейді әкімдіктегілер

Су басу қауіпі бар аумақтарда орналасқан әр үйге ұйымдар, аудандық әкімдік қызметкерлері және техника бекітілген. Олар тұрғындармен тәулік бойы байланыста.

"Ұйымдар мен кәсіпорындардың 135 қызметкерінен құралған 4 жедел отряд құрылып, олар жүк көлігі және су сорғыш техникалармен жарақталған. Жедел отряд наурыздың 18-нен бастап жұмыс істеуде.

Бүгінгі таңда, Атбасар ауданына Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің күштері таратылуда. Барлығы 23 құтқарушы, 7 арнайы техника, 5 жүзу құралы және 4 мотопомпа жеткізілді.

Тұрғындар үйлеріне судың келгендігі туралы Атбасар аудандық ТЖ бөліміне және аудандық су тасқынына қарсы штабқа: 2-48-55, 2-43-43, 2-42-27, 8-705-598-45-25 телефон байланысы арқылы хабарлай алады", деп толықтырды Атбасар ауданы әкімдігіндегілер.