Атбасарда тасқын қаупі бар елді мекендердің тұрғындары үшін салынған 2 үй бітуге таяу

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Атбасар қаласында су тасқыны қаупі бар аймақтардан тұрғындарды көшіру үшін 100 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда, тағы үш тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл туралы брифингте Ақмола облысы ТЖД басшысының орынбасары Қанат Доспаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атбасарда тасқын қаупі бар елді мекендердің тұрғындары  үшін салынған 2 үй бітуге таяу

Департамент басшысының орынбасарының айтуынша, Атбасар ауданының Атбасар қаласында су қорғау аймақтарынан тұрғындарды көшіру бойынша Жол картасын іске асыру мақсатында екі 100 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталуда, оған ҚР Үкіметінің резервінен 4,2 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді.

«Атбасар қаласында су тасқыны қаупі бар аймақтардан тұрғындарды көшіру үшін тағы үш тұрғын үй салу қажет. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау және су тасқыны қаупі бар аймақтан қалған халықты көшіру мәселесін шешу шеңберінде Атбасар қаласында 100 пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысына ЖСҚ әзірленді. Қазіргі уақытта ҚР Үкіметінің резервінен олардың құрылысына қаржы бөлу мәселесі пысықталуда», - деді Қанат Доспаев.

Айта кетсек, 3-4 наурыз аралығында өңірде «Көктем-2022» РКШО өткізу жоспарлануда. Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің көктемгі кезеңнің ықтимал төтенше жағдайларына әзірлігіне тексеру жүргізілетін болады. Аршалы ауданы облыстық штабты орналастыру орны болып белгіленді.

«Су тасқынына дайындық бойынша жоспарлы жұмыстар жалғасуда. Тасқын суларды апатсыз өткізу бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда», - деп түйіндеді Қанат Доспаев.

Айта кетсек, Ақмола облысында 125 елді мекен қауіпті аумақта орналасқан.