Атбасарда жазушы Ілияс Есенберлиннің 104 жылдығы аталып өтті
Айта кетейік, биыл 20-ғасырдағы қазақ әдебиетінің классигі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына 104 жыл толды. І.Есенберлиннің қазақ әдебиетіндегі «Көшпенділер» және «Алтын Орда» тарихи романдары - дүние жүзіне танымал іргелі шығармалар.
«Ілияс Есенберлиннің айтқан дана сөздерінің барлығы ақиқатпен үндеседі. Ол қазақ рухани қоғамының, әсіресе мемлекетшілдік түйсіктің қалыптасуына айрықша үлес қосқан адам. Шығармашылығы арқылы тың тақырыптарды қозғап, қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелді және халқына рухани дем берді. Сондықтан, бүгінгі ұрпаққа оның еңбектерін жеткізу маңызды», - дейді ведомстводан.
Атбасар қаласының орталығында орналасқан Есенберлиннің ескерткіші маңында өткен митингке аудан ақсақалдары, зиялы қауым, мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет саласының мамандары және мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты.
Шарада аудандық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сайлау Басманов, І.Есенберлин әдебиет мұражайының меңгерушісі Ұлболсын Қамбатырова жазушы туралы жылы лебіздерін жеткізсе, жергілікті ақын Сәрінжіп Дайыров, Атбасардағы №8 орта мектептің 6-сынып оқушысы Альбина Азатова өлең шумағын оқып берді.
Жиналғандар Ілияс Есенберлин ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, мұражайын аралады.