Атбасардан 215 мыңнан астам текше метр қар сыртқа шығарылды (ФОТО)
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Атбасар қаласынан 215 мыңнан астам текше метр қар сыртқа шығарылды. Бұл туралы қала әкімі Нұржан Қамбатыров мәлім етті.
Оның айтуынша қаңтар айының басынан бастап, қар тазалау жұмыстарына 25 коммуналдық көлік тартылды.
«Қазіргі кезде Уәлиханов, Құрманов, Қуанышев, Қазақстандық, Белаш, Веденеева, Сейфуллин, Жеңіс, Радиожелі, Әуезов, Чкалов, Әміров, Мәметова, Майкөтов, Батыр, Нүрсейітов, Матросов көшелері қардан тазартылды. Сонымен қатар, Жабай өзені маңына ұзындығы 600 метр жерге инертті материалдар төселіп, бөгеттер нығайтылды», деді қала әкімі.
Жалпы, көктемгі су тасқынын алдын алу мақсатында аудандық бюджеттен 40 миллион теңге бөлінді. Оның 15 миллион теңгесі қар тазалауға, 10 миллион теңгесі су аңғарларын тазартуға бағытталып отыр.