Атбасарды «су басып», құтқару шаралары қолға алынды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Атбасар ауданында «Көктем-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының аясында азаматтық қорғау авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының арнайы-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының мәліметіне қарағанда, Республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуларының барысында қаланың тіршілікпен қамтамасыз ету объектілерінің, төтенше жағдайлар қызметтерінің, аудандар әкімі аппаратының өкілдері ішінен жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды.
Осы іс-шара аясында Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов және Ақмола облысы Атбасар ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Е.Тұрмағанбетов көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлар қаупіне ден қоюға аймақтың азаматтық қорғау қызметтері мен ауданның шұғыл ден қою жасағының әзірлігін байқап тексерді.
Бөлімдердің келуінің жеделдігі, жауынгерлік қабілеттілігі бағаланып, жеке құрамның өз міндеттерін білуі тексерілген. Төтенше жағдайлардағы құтқару жұмыстарына және басқа да апаттардың салдарынан зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсетуге техникалар мен құрал-жабдықтардың әзірлігі мен жарамдылығына ерекше көңіл бөлінді.
Сапқа тұруға жеке құрамнан 270 адам және 94 бірлік техника тартылды. Байқаудың қорытындысы бойынша, аудандық шұғыл ден қою жасағы су тасқыны кезеңінде құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге «дайын» деген баға алды. Байқаудан кейін су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды жою бойынша күштері мен құралдарды іс жүзінде қолдануымен 3 оқу орындарында арнайы-тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығу барысында басқару органдарының тәжірибелік дағдыларын жетілдіру мәселесі, сондай-ақ 2018 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде ықтимал төтенше жағдайларды жою кезінде авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде азаматтық қорғау құрамалары мен авариялық-құтқару қызметтерінің бірлескен іс-қимылының үйлесімділігі пысықталды.
Атбасар ауданының әкімі А.Қалжанов арнайы-тактикалық оқу-жаттығу сәтті өткенін атап өтті.
«Арнайы-тактикалық оқу-жаттығуға барлығы 99 адам және 18 бірлік арнайы, өрт, авариялық-құтқару, инженерлік техника тартылды», - деді аудан әкімі.