«Атырау Арена» мен спорт мектеп-интернатының құрылысы қай сатыда

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында жас спортшыларға арналған мектеп-интернат-колледж бен «Атырау Арена» спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бірінші нысанды келер жылдың сәуірде, ал екіншісін 2028 жылы наурызда пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Атырау Арена» мен спорт мектеп-интернатының құрылысы қай сатыда
Фото: Нұрсұлтан Жыланбас

Нұрсая ықшамауданында салынып жатқан «Атырау Арена» спорт кешенінің жалпы ауданы — 22 мың шаршы метр. Мұнда футбол, баскетбол, волейбол, жүзу, бокс, дзюдо, таэквондо және семсерлесуді қоса алғанда, спорттың 20 түрімен айналысуға мүмкіндік болады. Сонымен қатар фитнес залдары мен өрмелеуге арналған қабырғалар қарастырылған.

Жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жыланбастың айтуынша, кешен республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Қазір құрылыс алаңында қада қағу және жерасты суының деңгейін төмендету жұмысы жүргізіліп жатыр. Іргетасқа ұзындығы 22 метрлік, сульфатқа төзімді бетон қадалар қолданылуда. Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

«Атырау Арена» мен спорт мектеп-интернатының құрылысы қай сатыда
Фото: Kazinform

— Құрылысқа қазір 100-ге жуық жұмысшы мен 40 техника жұмылдырылған. Келесі жылы жұмыс қарқынын арттырып, жұмысшылар санын 400-ге дейін жеткізу көзделген, — деді жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жыланбас.

Кешен пайдалануға берілгеннен кейін 1 500-ден астам бала мен жасөспірім тұрақты түрде спортпен шұғылдана алады. Сонымен қатар мұнда оқу-жаттығу жиындары, республикалық және халықаралық жарыстар, бұқаралық спорттық және мәдени іс-шаралар өткізіледі.

Ал дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледж 400 оқушыға және жатақханада тұратын 300 тәрбиеленушіге есептелген. Жалпы ауданы 16,7 мың шаршы метр болатын кешенде 7–11 сынып оқушылары олимпиадалық спорттың 13 түрінен жаттығады.

«Атырау Арена» мен спорт мектеп-интернатының құрылысы қай сатыда
Фото: Нұрсұлтан Жыланбас

Олардың қатарында дзюдо, таэквондо, волейбол, бокс, еркін күрес, үстел теннисі және көркем гимнастика бар. Оқу корпусынан бөлек, кешенде бассейн, акт залы, кітапхана және медициналық орталық салынады. Сондай-ақ аумағында футбол, баскетбол және волейбол алаңдары мен жүгіру жолдары болады. Жатақханада тәрбиеленушілерге төрт мезгіл тамақ беріледі.

Бұл жобаның жетекшісі Тоқтар Боранбаевтың айтуынша, мектеп-интернаттың құрылысы биыл сәуір айында ескі ғимаратты бұзу жұмысынан басталды. Қазір ғимарат қаңқасының 90 пайызы аяқталды. Бүгінде шатыр жабу, терезелер мен үлкен әйнекті конструкцияларды орнату, ішкі қабырғаларды қалау және инженерлік желілерді жүргізу сынды жұмыс істеліп жатыр. Сыртқы инженерлік желілер қалалық жүйелерге толық қосылды

— Құрылыс жобасы бірнеше блоктан тұрады. А блогы алты бөлікке бөлінген. Мұнда спорт залдары мен дайындыққа арналған бөлмелер орналасады.В блогында екі қабатты оқу корпусы бар. В блогы әкімшілік корпус ретінде жобаланған, мұнда негізгі кіреберіс қарастырылған. Бірінші қабатта кең фойе мен вестибюль, ал екінші қабатта кітапхана және акт залы орналасады. D блогы — төрт қабатты жатақхана. Одан әрі бір қабатты асхана орналасқан Г блогына өтетін жол бар. Барлық блок бір-бірімен арнайы галереялар арқылы жалғасқан. Осылайша, кешенде тұратын оқушылар оқу корпусына да, асханаға да ғимарат ішіндегі өткелдер арқылы жете алады. Яғни бір корпустан екіншісіне өту үшін сыртқа шығудың қажеті жоқ, — деп түсіндірді жоба жетекшісі.

Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асып жатыр. Құрылысты 2027 жылғы сәуірде аяқтау жоспарланған.

Бұған дейін Алматыда өртенген спорт мектебінің ғимараты толықтай қалпына келтірілетіні жөнінде жазған едік.