«Атырау-Астрахан» автожолының құрылысы биыл аяқталады

 «Атырау-Астрахан» автожолының құрылысы биыл аяқталады
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахан» автомобиль жолының 616-833 шақырымының Ресей Федерациясына дейінгі учаскесінде қайта жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр.

«Бұл учаскедегі жұмыстар 2018 жылы басталды. Бүгінде 60 шақырым жол аяқталып, қолданысқа берілді. Қазір қалған 217 шақырым жолда қайта жаңару (616 шақырымнан 833 шақырымға дейін) жұмыстары жүріп жатыр. Жобаның халықаралық стандарттарға сәйкес орындалуына байланысты, жергілікті компаниялармен қатар, Италия, Түркия және Әзербайжан елінің компаниялары да қатысып жатыр», - деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы.

Өңірдегі су тасқынына қарамастан, мердігер компаниялар ауа райының қолайлылығына байланысты құрылыс жұмыстарына кірісіп кеткен.

«Қазір жобаға 400-ге жуық арнайы жөндеу-құрылыс техникасы мен 650 аса жұмысшы жұмылдырылды. Былтыр 616-833 шақырым аралығындағы учаскеде ұзындығы 210 шақырым болатын көлемі 3,7 млн текше метр жол төсемінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ 187,5 шақырым аралықта негізгі қабат және 187 шақырымда ірі асфальт бетонының төменгі қабаты төселді. Осылайша, 187 шақырым аралықта қауіпсіз әрі қолайлы қозғалыс үшін жаңа асфальт бетоны төселді», - дейді ведомстводан. Жыл басынан бері 22 мың тоннадан астам асфальт бетоны төселген (9 шақырым жол). Бұл аймақта инертті материалдардың тапшылығына байланысты жобадағы қайта жаңару жұмыстары ұзаққа созылып жатыр. Жол салуға қажетті қиыршық тастар 1000 шақырымнан астам жерде орналасқан Мұғалжар және Біршоғыр стансаларынан теміржол арқылы жеткізіледі. Бұрын бұл учаске арқылы жол жүру ұзақтығы 5 сағат болса, 2 сағаттың ішінде жүріп өтуге болады. 2024 жылдың соңына дейін жоба жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр», - делінген ақпаратта.

Еске сала кетейік, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Атырау-Астрахан» автожолының құрылысын 2024 жылы толық аяқтаймыз деген еді.

Соңғы жаңалықтар