Атырау дәрігерлері ауыр пневмонияға шалдыққан нәрестені аман алып қалды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 2 айлық нәресте ауыр пневмонияға шалдыққан. Науқас нәрестені аурухана жеткізу үшін санавиация шақырылған.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылында 2 айлық сәбиге ауыр пневмония диагнозы қойылған.
«Дәрігер-реаниматолог Нұрмұханбет Бөкенұлы санвиация арқылы Атырау қаласындағы №2 облыстық ауруханасына екі айлық сәбиді жеткізді. Сол кезде сәбидің жағдайы өте ауыр болды. Жүрек соғысының жиілігі минутына 210-ға дейін жетті. Жалпы нормасы 150-ге болу керек. Аурухана әкімшілігі мен реаниматолог мамандар Ана мен бала ұлттық орталығымен шұғыл телемедициналық кеңес ұйымдастырды. Астана қаласының кардиолог мамандарының ұсынысымен шұғыл түрде электрлік кардиоверсия жасалды», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Аурухананың білікті реаниматологтары кардиоверсия процедурасы сәтті өткізген. Сәбидің жүрек соғысының жиілігі қалыпқа түскен.
«Қазір сәби жансақтау бөлімінен жіті респираторлы вирусты бөлімшесіне ауыстырылды. Оның қасында анасы бар. Жағдайы бірқалыпты, әлі де дәрігерлердің бақылауында болады», - деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көпқабатты үйдің терезесінен құлаған 3 жасар сәбидің жағдайы ауыр екенін жазған болатынбыз.