«Атырау» футбол клубы бас бапкерінің міндетін Қуаныш Қабдолов атқарады

АСТАНА. KAZINFORM — Қуаныш Қабдолов «Атырау» футбол клубы бас бапкерінің міндетін атқарушы болып бекітілді.

Қуаныш Қабдолов
Фото: «Атырау» футбол клубы

«Атырау» футбол клубының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 37 жастағы жергілікті маман 2009-2012 жылдар аралығында «Атыраудың» жастар командасында бас бапкердің көмекшісі болып еңбек етті.

2013 жылы «Атырау» футбол орталығының басшысы болып тағайындалып, оның тұсында 1999 жылғы жасөспірімдер командасы Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз атанды.

2014-2020 жылдар аралығында Қуаныш Кенжәліұлы «Атырау» негізгі командасының бапкерлік штабында қызмет етіп, бас бапкер көмекшісі және бас жаттықтырушы міндетін атқарды. Сол уақытта «мұнайшылар» екі мәрте Қазақстан кубогының финалына (2017 және 2019 жылдары) шықты.

Кейіннен ол 2021-2022 жылдар аралығында түркістандық «Тұранның» бас бапкеріне көмектесіп, содан соң команда тізгінін өзі де ұстады.

Ал былтырғы маусымда ақтаулық «Каспийдің» бас бапкері ретінде бірінші лиганың қола медалін жеңіп алды. Жас маман биыл «Атырау» QJL командаларының үйлестірушісі ретінде қызмет атқарды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Атырау» футбол клубының бас бапкері қызметінен кеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар