Атырау-Индер тас жолында жол апатынан екі адам қаза тапты
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау-Индер тас жолында болған жол-көлік оқиғасынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам жарақат алды.
Атырау облысы полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, жол апаты 13 маусым күні сағат 08:50 шамасында Атырау-Индер автожолының 19-шақырымында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі көлікті басқару жүйесін игере алмай, салдарынан көлік жол жиегіне аударылып қалған.
Оқиға салдарынан екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі адам түрлі дене жарақатымен медициналық көмекке жүгінген.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тиісті іс-құжаттар жинақталып жатыр.
— Полиция қызметкерлері азаматтарды алыс сапарға шығар алдында көлік құралдарының техникалық жарамдылығын тексеруге, жолда қырағылық танытуға, көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланбауға, белгіленген жылдамдық режимін сақтауға шақырады, — деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.
Бұған дейін Ақтөбеде жол-көлік апатынан соң ауруханаға жеткізілген тағы бір адам көз жұмғанын жазған едік.